Абай атындағы орталықтандырылған кітапхананың №12 кітапхана бөлімшесінде М.Тасова атындағы №12 мамандандырылған мектеп-интернаты оқушыларының қатысуымен ақын, сазгер Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл толуына орай «Қосылған қоңыр қазға әнмен үнім» атты әдеби сағаты өтті.
Онда ақынның шығармашылығы таныстырылып, өлеңдері оқылды.
Өнертанушы Шолпан Даржанованың ғылыми еңбегінде Кенен Әзірбаев туралы мынадай деректер келтіріледі. Жетісу өңірінің дәстүрлі музыкасының көрнекті өкілдерінің ішіндегі ең көп зерттелген, ең көп әндері жеткен, осы өңірдің дәстүрлі ән мектебінде ерекше орын алатыны – әнші-ақын, композитор, жыршы Кенен Әзірбайұлы. Кенен Әзірбайұлы – қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрлерді үзбей, ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жеткізген өнерпаз. Әкесі Әзірбай, шешесі Ұлдар да әнші, домбырашы болған. Әр жырды әуелі ата анасынан үйренген Кенен 11 жасынан домбыраға қосылып, өз жанынан өлең, ән шығара бастаған. «Ри, қойым», «Бозторғай», «Көкшолақ», «Бұлбұл», 18 «Он алтыншы жыл», «Қайран елім», «Аттан» әндерін шығарып, «Әли батыр», «Қырғызбай» дастандарын жырлаған. Қазақ, қырғыз арасындағы белгілі жиындарға қатысып, айтысқа түскен, ән сайысына араласқан. Мемлекет қайраткерлері Ораз Жандосов, Жұбаныш Бәрібаев, Тоқаш Бокин, тағы басқалармен таныс-біліс болған. Ұлы Отан соғысы жылдарында мәдени-үгіт бригадасын құрып, ел аралап, халқымыздан шыққан батыр ұлқыздарымыздың ерлігін, жеңісін жырлады. «Біз жеңеміз», «Сүйгенім-ай, күйгенім-ай», «Төрт батыр» сияқты көптеген өлең, жырлар шығарды. 50-70 жылдары бейбіт өмірді, республика табыстарын, замандастарын бейнелейтін өлең, терме, толғау дастандары туды. 100 – ден аса шығарып, оның өлеңін жазды. Оның әншілік, сазгерлік болашағына әнші-жыршылардың, домбырашы-күйшілердің әсері зор болды. Әсіресе, Жамбыл, Сарыбас, Балуан Шолақ, Шашубай сынды белгілі әнші-ақын, композиторлардан үлгі-өнеге алған. Ақын-композитордың «Бозторғай», «Көкшолақ», «Базар-Назар», тағы басқа әндері халық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналған .
Кенен Әзірбайұлы сондай-ақ Қарағанды кеншілерінің, Балқаш мыс қортушыларының, Шымкент қорғасыншыларының, Каспий балықшыларының, Түрксіб темір жол құрылысшыларының арасында болып, сол алып құрылыстардың жетістіктерін шабытпен жырлаған. Композитордың ән шығармашылығының негізгі тақырыбы - ел өмірі. Ол ел өміріндегі маңызды оқиғалар мен тарихи кезеңдерге әрқашан құлақ түріп, оған өз үлесін қосып отырды. Кенен Әзірбайұлының композиторлығы жайында Қазақстан өнер зерттеушілері Ахмет Жұбанов, Борис Ерзакович еңбектер жазды . Кенен Әзірбайұлы айтыс жанрына ерте араласып, Шалипа, Ләтипа, Кенеқожа, Әбдіғали, Бопипа, Есдәулет, Қалқа ақындармен айтысқан. Ол қазақ халқының айтыс өнерінің насихатшысы, осы өнерді кейінгі ұрпаққа жеткізуші тәлімгер-ұстаз да бола білді. Дастан жанрын жастайынан жырлаған. «Шөпке барғанда», «Құдалар», «Әли батыр», «Қырғызбай», «Кенебай-Кербез», «Бұрынғы өткен батырлар», «Жалғыз қаз», «Жамбыл - жыр» атты толғау, дастандары бар. Бұл шығармалары - ақынның эпикалық дәстүрге құрылған көркем дүниелері. Кенен Әзірбайұлы халқымыздың ауыз әдебиеті нұсқаларын есінде мол сақтаған, оның айтуынан жазып алынған фольклорлық мұралар Қазақстан Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар орталығында сақтаулы .
Ол - жыр алыбы Жамбылмен жарты ғасырдай бірге жүріп, жаңа дәуірді асқақтата жырлаған замана жырауы. Бұған екі жүзден астам өлең, арнау, толғаулары айғақ. Бұл туындылары әлденше рет жинақ болып жарияланды. К. Әзірбайұлының орындаушылық шеберлігі Жетісу әншілік дәстүрінің таза үлгісі деп танимыз. Кененнің бойынан Жетісу әншілік дәстүріне тән қасиет толық табылады. Кенен шебер әнші ретінде өз даусының мүмкіндігін толық меңгерген. Біз мұны оның репертуарындағы ән-жырларынан көреміз. Жетісу өңірінің әншілік дәстүрінің көрнекті өкілі Кенен Әзірбайұлы шеберлігін талдай отырып, бұл өңірдің өзіне тән әншілік дәстүрі, өзіндік 19 музыкалық интонациясы бар, басқаларды қайталамайтын, тарихи тамыры тереңде жатқан әншілік дәстүрі қазақ музыка мәдениетінде өзінің лайықты орнын алған өнер дәстүрі деп білеміз. Заманымыздың жалынды жаршысы, атақты ақын, тамаша әнші, домбырашы, дарынды халық композиторы Кенен Әзірбайұлы (1884-1976) шығармашылығының құлашы кең, сан салалы. «Кәсібім жастайымнан ән мен өлең» дегеніндей, бір ғасырға жуық уақытқа созылған жемісті еңбегінің арқасында ол ел құрметіне бөленіп, өнер қайраткері дәрежесіне көтерілді. Әнші анасы мен ақын әкесінің әсер-ықпалынан Кенен жасынан қолына домбыра ұстап, өнерге әуестенді. Ер жете келе ауылдағы той-думанның сәні болған ақын, жыршылардың, бал бармақты күйшілердің қатысуымен өткен өнегелі жиындарды жібермейді . Өнерпаздың алғашқы ұстаздарының бірі Жетісу өңіріне аты әйгілі болған Сарыбас ақын көрінеді. Мен өзім інісі едім Сарыбастың, Он жаста ел тойына араластым, Өлерде мені Сарыбас шақырып ап, Тапсырды аманат деп домбырасын, деп жыр төгуі де сондықтан болар. Осылайша, ән айта жүріп өзінің әншілік шеберлігін шыңдайды. Оның көкірегінен қашанда ән мен өлең қатар өрбіп отырады.
Атағы үш жүзге мәлім болған Балуан Шолақ, Шашубай тәрізді өнер саңлақтарымен жүздесіп, олардың неше алуан әншілік сырларына қанады. Келгенде Алатауға Балуан Шолақ, Аралап біздің елге болған қонақ. Үлгісін ән салудың содан алдым, Ән айтуға мен бұрын болдым олақ,- деуінің өзі осы айтылғандарды қуаттайды . Ендігі уақытта Жамбылмен бірге ел аралап, серілік құру дәурені талантты жастың өмірінде өшпестей із қалдырады. Поэзия алыбының жан-жақты ықпалы болашақ талант тағдырының қалыптасуында шешуші рөл атқарды. Кенен сондай-ақ, Жетісудың ақын-әншілері Сарыбас, Сүйінбай, Сауытбек, Дәурен сал, Бармақ ақын, Арқаға әннің туын тіккен Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса және басқа да өнер иелерінің шығармаларын жете игереді. Сөйтіп, білген-түйгендері мол, әр нәрседен хабардар, зерек жан өзі туып-өскен ортаның аумағында ғана қалып қоймай, түрлі музыкалық дәстүрлерді бойына еркін сіңіреді.