29 қарашада кітапханада айтыскер ақын, Өзбекстан, Қазақстан, Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі Бөрібай Оразымбеттің 70 жасқа толған мерейтойына арналған «Жеті белес» әдеби шығармашылық кеші мен «Жеті бел» атты өлеңдер жинағының тұсаукесер рәсімі өткізілді.
Өңірімізден шыққан танымал ақынның шығармашылығымен таныстыру мақсатында өткен бұл шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, Астанадан Қ.Қуматай мен Г.Рахымжан сынды ақындар, Халықаралық «Көк Бөрі» ақын-сазгерлер шығармашылық бірлестігінің ақындары, ақынның туған туыстары, отбасы ұлы мен қызы Г.Оразымбетова, МедАкадемия университетінің ұстаздары мен студенттері қатысты. Әдеби кешті жазушы М.Әбдіәкімұлы жүргізді.
Шара барысында келген қонақтар «Ақ-Бөрі ақын» кітап көрмесі мен айтыс көрсетілімдерімен танысты. Жазба да, төкпе ақын Б.Оразымбет туралы бейнебаян көрсетіліп, қонақтар ақынның шығармаларындағы жаратылыстағы барлық көзге көріне бермейтін ғажайыптар мен көңілге сәуле түсіретін жырлары туралы керемет ой-пікірлер білдіріп, мерейтойымен құттықтады. Жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, оқырмандары көп болуына тілектестік білдірді. Алыста жүрген немерелерінің бейнебаян арқылы жіберген құттықтаулары көрерменді толқытты. Кітапханашылар ақын поэзиясынан жырлар оқып, жас ақындардан құралған топ қазақтың ауыз әдебиетінің бір түрі «Құлманбет» айтысы бойынша айтыс өнерін паш етті. Ақынның өлеңдеріне жазылған «Әке сөзі», «Көке», «Нұр Жамал», «Сол адамға» әндерін Б.Сәкенұлы, Р.Есенгелдиева, А.Бекенқыздары орындап көрермендердің көңілін серпілтті.
Ақынның мерейтойы биыл мегаполистің жасөспірімдер кітапханасында тойланды. Осы кітапхананың бөлім меңгерушісі Айнұр Бектаеваның айтуынша Шымкент қалалық жас¬өспірімдер кітапханасында Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан Жазушылар одақтарының мүшесі, халықаралық «Көк Бөрі» ақын-сазгерлер шығармашылық бірлестігінің төрағасы, бірнеше халықаралық айтыстардың жеңімпазы, ақын Бөрібай Оразымбеттің 70 жылдық мерейтойына арналған әдеби кеш өтті.
«Ақпа жырдың Ақ-Бөрісі» атты тақырыпта ұйымдастырылған іс-шара ақынның шығармашылығына арналған кітап көрмесінен бастау алды. Көрмеде ақынның кітаптарынан бөлек оның шет мемлекеттерден алған марапаттары да көпшілік назарына ұсынылды.
Әдеби кешті Бөрібай Оразымбеттің шәкірттері, халықаралық «Көк Бөрі» және республикалық «Өлең – сөздің патшасы» шығармашылық бірлестіктерінің белді мүшелері Аманжол Мақажанов пен Эльмира Сарсенбайқызы жүргізді. Айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов, Мейіржан Жақыпов және Аманжол Мақажанов Бөрібай ақынға арнаған арнауларын орындап, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Мұнан кейін қырғыз ақындары Марсгүл Абылова, Индира Алымбаева және Айгүл Жапарова сөз алып, жырдан шашу шашты. Қырғыздың дәстүрлі әншісі Тилекүл Абылованың орындауындағы сазды әуен де көрермендердің жансарайын тербеді.
Халықаралық Жазушылар одағының төрағасы, академик Әбен Нұрманов пен халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, ақын Омархан Дауытов та Бөрібай Оразымбетке ізгі тілектерін жеткізіп, «Бейбітшілік әлемі» творчестволық бірлестігінің «Абылайхан» медалін табыстады. Әдеби кеш барысында ақынның өлең-жырлары оқылды.
Кітапхана директоры Раушан Бабажанқызы ақынның иығына шапан жауып, кешке жиналған қауымға ризашылығын білдірді. «Алла өзі қолдасын, Өмір сүргін адал боп. ...Адам болып туғасын, Кетейікші Адам боп...» деп жырлаған Бөрібай Оразымбет ақынға өмірде адалдықтың ақ туын биік ұстап жүре беріңіз демекпіз.
Уикипедия порталының мәлімдеуінше Бөрібай Оразымбет 1954 жылы Түркістан облысы Жетісай өңірінде дүниеге келген. Ауылдағы орта мектепті аяқтағаннан кейін, еңбек жолын шопан болып бастаған. Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң, орта арнаулы оқу орындарынан есепші және агроном мамандықтарын алған. Көп жыл бойы Шардара және Мырзашөл аудандарында сауда саласында қызмет еткен. 1992 жылы Мырзашөл аудандық Киноландыру жүйесінің директоры қызметін атқарған. Қазіргі таңда мәдениет қызметкері. 1998 жылдан бері Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі. «Ақ-Бөрі» атты телефильмнің бас кейіпкері. 2001 жылы өткен Республикалық термешілер сайысының, 2003 жылы Ташкенте өткен «Өзбекстан — ортақ үйіміз» Халықаралық фестивалінің лауреаты. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының I және ІІ құрылтайының делегаты. Бірнеше мүшәйралардың жеңімпазы, Халықаралық ақындар айтысының жүлдегері.
Ақынның өлеңдері «Мырзашөл — менің мекенім», «Теңіздің дәмі — тамшыдан», «Бекет ата», «Ел мен Елбасы», «Мырзашөл — атамекенім», «Алтын алқа» жинақтарына енген. «Махаббатым, мәңгі-сің», «Елім, менің сырымды ұқ!», «Ақ-Бөрінің айтыстары», «Қайың болды бір шыбық», «Менің мың бір түндерім», «Тамшы-таным», «Қос арман», «Усойқы ойлар», «Ақ-Бөрі ақын айтқан екен» атты кітаптардың авторы.
«Поэзия – әлемдік өмірдің қан тамырының соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен күні. Өлең – өмір, өмір – өлең, ешкім бұдан артық түсіндіруі мүмкін емес», — деп Виссарион Григорьевич Белинский тегін айтқан жоқ. Өмірдің қаны мен отына, жарығы мен күніне айналған қазақ поэзиясының деңгейі ешқашан төмендеген емес. Әлі күнге бүкіл әлемнің гүл бояуларын, жаратылыстағы барлық сұлулықты жырға қосудан қазақ ақындары жалыққан емес. Нәзіктікті де, сұлулық пен сымбаттылықты да, көзге көрінбейтін ғажайыптар мен көңілге сәуле түсіретін тылсымдарды да ақындар тебірене жырлайды.
Осы орайда ақынның мына бір өлеңін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
БАР ӨМІРІМ...
Тілектерім -- қанымның құрамында,
Тектілігім -- тәнімнің тұрағында.
Бекзаттығым -- береке бірлігімде,
Бар ғұмырым -- жанымның жұмағында!
Махаббатым -- жанымның құмарында,
Кісілігім -- тектілік құнарында.
Кішілігім -- тәрбие тәлімімде,
Бар иманым -- жазылған Құранымда!
Кінәларым -- затсыздар лаңында,
Күнәларым -- өсектің шылауында.
Көпшілдігім -- көнеден келе жатыр,
Жалғыздығым -- бір сәттік жылауымда!
Білгендерім -- миым мен құлағымда,
Білмегенім -- көз көрмес жырағымда.
Сауаптарым -- ұрпақтың тәрбиесі,
Жауаптарым -- Әңкір-Мүңкір сұрағында!
Керектігім -- халықтық сұранымда,
Деректігім -- адамдар құрамында.
Зеректігім -- зейінім, пейілімде,
Бар тағдырым -- фәнилік тұмарымда!
Ақындығым -- теңіздей жыр-ағында,
Адамдығым -- арлының тұр алдында.
Адалдығым -- қанымның тазалығы,
Бар Өмірім -- ҚҰДАЙдың сынағында!!!