Жуырда Пушкин атындағы кітапханада қазақ суретшісі, КСРО Суретшілер одағының мүшесі Үкі Әжиевтің туғанына 100 жыл толуына орай «Уақыт пен кеңістік талғамайтын туындылар иесі» атты портреттік кеш өтті.
Шараға Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әбдімүтәліп Ахметов жастарға Ү.Әжиев туралы жан-жақты ақпарттар айтып және болашақ өнер сүйер жастарға суретшіліктің ерекше талғамымен қасиеттерін түсіндіріп өнерде өсіп өркендеуіне тілектерін білдірді. Іс – шара барысында Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледж студенттері табиғат бейнесін қағазға түсіріп, сурет салып шеберлік сағатын көрсетті. Сонымен қатар өнер иесінің өмірі мен шығармалары туралы көрме жасақталып оқырмандарға таныстырылып, бейнебаян арқылы да көрсетіліп көрермендер назарына ұсынылды. Шараға қатысқан Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің 1 курс және №5 жеңіл өнеркәсіп сервис колледж студенттері қазақтың белгілі суреткері Үкі Әжиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы тұшымды ақпараттармен танысып, рухани байып қайтты.
Өнертанушы Самал Мамытованың айтуынша 2024 жылы көрнекті қазақстандық суретші, Қазақстан акварелінің шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ш. Уәлиханов атындағы мәдениет және бейнелеу өнері саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ҚР Тұңғыш Президенті стипендиясының лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, Ұлы Отан соғысының ардагері, Ленинград блокадасының қатысушысы Әжиев Үкі Әжиұлының туғанына 100 жыл толды.
Үкі Әжиев 1924 жылы 23 желтоқсанда Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Кемір-тоған ауылында дүниеге келген. 14 жасында көркемөнерпаздар байқауының ең жас жеңімпазы болып, ол Ленинградқа, Бүкілресейлік өнер академиясының жас дарындар мектебіне жіберілді. Дәл осы жерде Үкі нағыз өнер әлемінің қыр сырын ашты. Мәңгі туындылары бар музейлер, театрлар, кітапханалар, музыка, сәулет жас суретшінің болашаққа барар жолының бастамасы болды. Мұнда, Ленинградта оны Ұлы Отан соғысы және блокаданың ең қиын күндері бастан кешірді. Соған орай, мектептері Самарқандқа эвакуацияланғандықтан, Үкі Әжиевті сол жерден әскер қатарына шақырады. Ол бірінші Украина майданының құрамында болып Донбасс пен сол жағалаудағы Днепрді азат етуге қатысты. Харьков маңында ауыр жарақаттанады және сол жерде көптен күткен Жеңіс Күнін қарсы алды. Жауынгерлік еңбегі үшін «Ленинградты қорғағаны үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Соғыстан кейін Алматыға оралған Үкі Әжиев Алматы көркемсурет училищесінің кескіндеме бөліміне түсіп, оны үздік бітірді (1948-1950). 1954 жылы КСРО Суретшілер одағына мүше болды. Ол кескіндеменің әртүрлі майлы бояу және акварель әдістерін жақсы меңгерген. Алайда, ол ең нәзік және күрделі тәсілі деп есептеген акварельге ерекше мән беріп, ұстанды. Үкі Әжиевтің акварельдерін асқақ елдің шеберлері жоғары бағалады. Ол КСРО Суретшілер Одағының акварель комиссиясының мүшесі болып сайланды. Қазақстандық акварель суретшілерін белсенді түрде насихаттады. Оның күш-жігерінің арқасында Қазақстанда акварель секциясы жұмыс істеді, оның мүшелері Кеңес Одағының ең қызықты жерлері мен әлем елдеріне шығармашылық сапарларға қатысуға мүмкіндік алды.
Үкі Әжиевтің шығармашылығы – ұлттық акварель мектебінің қалыптасуы мен гүлдену дәуірі. Ол түс, пішін, композиция саласындағы тынымсыз ізденістерге құмар болды. Оның бүкіл өмірі өнерге қызмет етуге берілді. Оның жан дүниесі адамға, бүкіл әлемге деген сүйіспеншілікке толы болды. Оның әр шығармасында пішіннің жетілдірілуі мен сезімнің жылуы бар. Бұл әр өнер сүйер қауымның жүрегінде із қалдырып отырды.
Үкі Әжиевтің жұмыстары өз еліміздің музейлерінде, сондай-ақ Лондон сәулет және өнер музейінде (TateBritain), Мемлекеттік Третьяков галереясында және Шығыс музейінде (Мәскеу, РФ), Киев, Баку, Вильнюс, Рига музейлерінде, Франция, Италия, Германия, АҚШ, Швейцария, Оңтүстік Корея және басқа да көптеген елдерде жеке жинақтарда сақталған.
Үкі Әжиев өзінің көп қырлы шығармашылығында ұлттық акварель мектебінің қалыптасуы мен даму кезеңінің бүтін бір дәуірін бейнелейді. Тынымсыз шығармашылық ізденісі, адамға, айналасындағы бүкіл әлемге деген еркін сүйіспеншілігі, ол Қазақстандағы көркемдік үдерістің дамуындағы бірегей құбылыс ретінде мойындалды. Ол шығармашылық жолын Қазақстан бейнелеу өнеріне адал қызмет жасауға арнады.
Ү. Әжиевтің туындылары біздің еліміздің мәңгілік мәдениет ескерткіші болып табылады, сондай-ақ Қазақстанды әлемнің ең үздік бейнелеу өнері жинақтарында әйгілі етеді: Лондон архитектура және өнер музейі (TateBritain), Мемлекеттік Третьяков галереясы, Шығыс музейі (РФ Мәскеу қ.), ТМД елдері - Киев, Баку, Вильнюс, Рига музейі, Франция, Италия, Германия, АҚШ, Швейцария, Оңтүстік Корея және басқа да елдердің жеке коллекцияларында.
Әжиев республика сурет көрмесінің бәріне белсене қатысты. Ол Англия, Гана, Нигерияда болып, қала көрінісінен бірнеше картиналар жазды. Суретшінің "Бұхара", "Самарқан" серияларына енген "Хиуа көшесі", "Шайханада", "Хау 1968 жылы" деген шығармалары ерекше көзге түседі. Мұнда Әжиев Шығыс қалаларының көріністері мен халықтың жарқын тұрмысын шынайы бейнелейді. Туған республика табиғатын танытатын "Асы жайлауы", "Алатау бөктерінде" картиналары шыншылдығымен, нақтылығымен көрінді. Әжиев Портрет жанрында да көп еңбек етті. "М.Әуезовтің портреті", "Студент қыз", "Механизатор" сияқты портреттер суретші талантының жан-жақтылығын танытады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей Үкі Әжиев пейзаж салуда аса дарынды. Суретші Жапонияға, Монғолияға, Югославияға, Ганаға, Нигерияға жасаған сапарларында осы елдердің тұрғындарының дүниетанымдық ерекшеліктерін, табиғаттың, сәулет өнерінің өзгешелігін ұғынуға тырысты, көргендерін білдірудің дәлме-дәл құралдарын іздеді. Заманауилық пен дәстүр «Фудзи бөктерінде» этюдында көрініс тапқан. «Гоби», «Бизондар», «Гоби түні» акварельдері суретшіні таң қалдырған Монғолияның жаратылыстағыдай табиғатының айбындылығын білдіреді. «Биік таулы жайлау», «Ассы жайлауы», «Хан-Тәңірі бөктерінде» және басқа да керемет пейзаждары қатар өмір сүретін адам мен табиғат үйлесімділігінің қажеттілігі туралы ойларға құрылған. Орта Азия, Украина, Қырымдағы пейзаждар топтамасы бұрынғы Одақ елдерінің әр түкпірлерінің табиғатының ерекшеліктерін көрсетуге мүмкіндік береді – «Самарқандтағы көше», «Бұхарадағы керуен-сарайы», «Десна жағалауы», «Гурзуф».