Жастар – ел дамуының, мемлекет болашағының стратегиялық ресурсы, бүгіні мен ертеңнің қозғаушы күші. Сол үшін жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, болашақтың ісінен ақсамас едік.
Елімізде бірнеше жылдан бері жастарды қолдау, оларға кәсіби білім беру, жұмыспен қамту сияқты мәселелерді шешуге бағытталған әртүрлі бағдарламалар қабылдануда. Мемлекеттік жастар саясатының қажеттігі жас өркеннің өмірге қадам басып, қоғамда өз құқығын иелеумен, оның алдында жауапкершілік арқалау сәтінде бетпе-бет келетін өмір мәресінің қиындықтарымен айқындалады. Жастарға ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, бойына рухани-мәдени құндылықтарды қалыптастыруда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Бұл бағытта Шымкент қаласында қалай жүруде? М.Әуезов атындағы ОҚУ з.ғ.к., доцент Құрманғалы Сарықұлов айтып береді.
– Жастар саясатын қалыптастыра отырып, мемлекет жастардың келешекте маңызды салмаққа ие болар халықтың бірден-бір белсенді тобы екендігін ескереді. Мұның өзі жастардың мемлекет құрылысындағы рөлі мен орнын жете бағаламауға жол бермеуді көздейді.
Қоғамдық өзгерістердің күрделілігі жас азаматтардың әлеуметтік жағынан жан-жақты қалыптасуына, жас қауым тіршілігінің барлық қалтарысына әсерін тигізді. Дәстүрлі жастар мәселелерін шешудің мазмұны мен тәрбие тәсілдері жаңа тарихи жағдайларда мүлде өзге қырынан қарастырылуға тиіс болғандықтан түбегейлі өзгерді.
Қазақстандық жас буын бойында отаншылдық, іскерлік, жауапкершілік қасиеттер қалыптастырмай, жастардың ізгілікті, рухани өркендеуіне, сондай-ақ, өткен буынның әлеуметтік-мәдени тәжірибесін, әлем өркениеті жетістіктерін игеруіне жол ашпай әлеуметтік ұстанымдағы экономикасы бар демократиялық қоғам құру мүмкін емес. Мұндай мақсаттарды жүзеге асыру жастарға, жалпы қоғамға қатысты саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыру ісіне жастардың өздерін белсенді түрде тартуды көздейді. Мемлекет жастарға, олардың материалдық деңгейі мен әлеуметтік жағдайына қарамастан, өмір жолын таңдау мен жеке жетістіктерге жету үшін мейлінше мол мүмкіндіктер ашуға тиіс. Сонда ғана жастар саясатының өзекті міндеті - жастардың тұлғалық қалыптасуын қамтамасыз етуі іске асатын болады.
Бір ғана мысал, Әуезов университетінде Мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асып жатқан елеуілі қадамдарын атап өтуге болады. Соның бірі де, бірегейі – студент жастарды Абайдың «Бес асыл іс» өнегесі арқылы тәрбиелеу. Ұлы Абай өз өлеңінде:
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Жамандық көрсең нәфрәтлі,
Суытып көңіл тыйсаңыз.
Жақсылық көрсең ғибрәтлі,
Оны ойға жисаңыз.
Ғалым болмай немене,
Балалықты қисаңыз?
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз, -
деп жырлайды. Яғни мұндағы «Бес асыл» жастардың бойындағы қабілеттердің жандануына тың серпін беріп, бойындағы қабілеттерін дамытып, қоғамға пайдасын тигізуге ықпал ететінін айқындап отыр. Сонымен ұлы тұлғаның сол бір құндылықтары біздің университетімізде төмендегідей дәріптеліп, насихатталуда.
Талап. Жаңалықтар аша білетін жастар Ғылымға, білімге құштар жастарды іріктеп, қолдау көрсету Жастар арасында көшбасшылық қасиеттерін анықтап, қоғамдық жұмыстарда белсенділікті арттыру.
Еңбек. Кәсіпкер жастар Студент жастардың бойында кәсіпкерлік дағдыларды қалыптастыра отырып, жастарға бағыт - бағдар беру, Студенттер арасында Кәсіпке байланысты бизнес жобалар жөнінде іс-шара тренингтер жиі өткізіп отыру.
Терең ой. Жастардың пайымды пікірлері мен ізденістерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ұлы данышпанымыздың «Толық адам» ілімімен сабақтасқан бұл ұғым қазіргі уақытта өзекті мәселеге айналып отыр.
Қанағат. Жемқорлыққа қарсы жастар «Parasat»- сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплеанс-қызметі ұйымдық құрылымдарының, оның жұмыскерлері мен білім алушыларының Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын сақтауын қамтамассыз ету жөніндегі функцияны атқарады. Сыбайлас жемқорлыққа «нөлдік» төзімділік қалыптастыру және оның оның алдын алу жұмыстарын жүзеге асыруда «Саналы ұрпақ», «Адалдық алаңы», «Ізгілік елшісі» ұйымдарының жұмыстарын басты назарда ұстау.
Рақым. Ата-анасынан айырылған, ерекше білім беруді қажет ететін, аз қамтылған және әлеуметтік мұқтаж топтағы студенттерді моралдық және материалдық тұрғыдан қолдау, көмек беру.
Психологиялық орталық құру мақсатымыз ЖОО-ның білім беру үрдісін ұйымдастыру үшін әлеуметтік-психологиялық жағдай жасау, студенттер мен оқытушылардың, қызметкерлердің психологиялық қорғалуын қамтамасыз ету, олардың психикалық денсаулығын қолдау мен нығайту. «Студенттерге психологиялық көмек көрсету» орталығы рухани жігер беріп, тұлға жанын емдейді
Студенттік еріктілер ұйымы Әуезов еріктілері – 1000 студент М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың «Достық» ұйымы – 95 студент, Қазақстан студенттер Альянсы, «Әуезов еріктілері» қоғамдағы қорларға түрлі көмек көрсету қызметтерін атқаруда.
Әлбетте, ел болашағы жастардың қолында: олардың еңбекқорлығына, талап-мұратына, арман-мақсатына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып қалған құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, жiгерлене ел үшiн еңбектенуге мiндеттi.
Жастардың тағдыр-талайы мен болашағына елдегі белгілі әлеуметтік топ ретінде емес, оларға мемлекеттің болашағы, ұлттың тағдыры, елдің ертеңгі иесі ретінде қарағанда ғана ұлт құндылығын ұлықтай аламыз.