Ақпараттық сауаттылық өмірдің барлық салаларындағы адамдарға жеке, әлеуметтік, кәсіптік және білім беру мақсаттарына жету үшін ақпаратты іздеуге, бағалауға және тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Осыған орай Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасында 26 қазан – Дүниежүзілік Ақпарат күніне орай «Ақпараттық сауаттылық – бүгінгі заман талабы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шара барысында кеш қонактары «Қазақстан ғылыми-зерттеу» орталығының директоры Мұхитхан Үмбетұлы, өлкетанушы Қаппар Сейдалыұлы, Еңбек ардагері А.Асабаев, «Адами капитал» журналының бас редакторы Ә.Ахметов, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшілері П.Сапар, С.Абайқызы және Экономика бөлімінің меңгерушісі А.Жайымбетов, Қазақстан журналистер одағының мүшесі К.Дүйсенбиев жастарға ақпараттық және медиа сауаттылықты жан-жақты түсіндіріп,оның адам өміріндегі маңыздылығына тоқталды. М.Әуезов атындағы ОҚУ-тің «Өнер» факультетінің студенттері пікір алмасып, сұрақтарына жауап алды.
Бүгінгі таңда қоғамды мазалайтын сұрақ ол жұмыссыздық мәселесі. Әсіресе жастардың жұмыссыз болмауы ел үшін маңызды. Себебі бос жүрген адам түрлі жаман әдеттерге бой алдыруы мүмкін. Сонымен бірге жұмыссыз азамат отбасына да мемлекетке де масыл болады. Олай болмас үшін Үкімет пен жергілікті әкімдік жастардың мейлінше жұмыспен қамтылғанын қалайды. Сол үшін де көптеген маңызды шаралар мен бағдарламалар қабылдап соларды іске асырып жатыр. Бүгінгі таңда қоғамда ең маңызды мәселе – жұмыссыз қалмау, яки бір кәсіппен шұғылданып сол арқылы өз отбасын асырау. Мемлекеттің даму мақсатында көздейтін басты қағидасы да осы. Яғни қоғамда адамдар жұмыссыздыққа ұрынбай еңбек етіп тұрақты табыспен отбасын асырап, мемлекетке пайда келтіруі керек. Әлеуметтік қиындық көп жағдайда қоғамда тұрақсыздық пен дүрбелең тудырады. Үнемі әлеуметтік қайшылықпен өмір сүрген мемлекет дамымайды. Бүгінгі таңда жұмыссыз жас азамат еңбекпен қамту орталығына барып тіркеледі. Орталық мамандары әрі қарай ол жасты жұмыспен қамтуға барынша жағдай қарастырады. Тіпті мамандығын ауыстырып, жаңа кәсіп игеру қажет болса қосымша жұмысшы мамандықтары бойынша арнайы курстарда оқытады. Рас осы күнде елімізде жұмысшы мамандықтары өте қажет.
Осы ретте, мысал ретінде «Zhas Project» бағдарламасын айтып өтсек болады. Жалпы ол әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы осал топтарды, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын жастарды қолдауға бағытталған бірегей жоба. Аталған жоба жастарды қоғамға тартуға, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсене араласуына және нәтижелі жұмыспен қамтылуға көмектеседі. Ол Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ тапсырысы бойынша іске асырылып жатқан бастама. Өткен жылы Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде пилоттық режимде іске қосылған болатын. Жобаның негізгі мақсаты – жастардың, әсіресе осал топтардың дамуына жағдай жасауды, олардың бизнеске қызығушылығын артыруды, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық өркендеу жолында практикалық маңызды идеялары мен жобаларын қолдауды, сондай-ақ қатысушыларды әлеуметтік кәсіпкерлік және кәсіби өсу бойынша жаңа білім дағдыларына үйретуді көздейді. Жоба аясында жастардың әлеуметтік бастамаларын қолдауға осы күнге шейін жүздеген грант бөлінді. Әрбір шағын гранттың сомасы бір миллион теңге шамасын құрады. Жоба іске асырылатын өңірлерде үкіметтік емес ұйымдардың базасында жұмыс істейтін, конкурстық негізде іріктелген жобалау кеңселері құрылды. Ал жастарға берілетін гранттар жабдықтар, шығын материалдарын сатып алуға, мамандардың қызметтерінің ақысын төлеуге, орынжайларды жалға алуға және тағы басқа шығындарды жабуға арналады. Бірақ грант қаражаты оны алушылардың шоттарына түспейді. Жобалық кеңселер қатысушылармен келісімі бойынша гранттық өтінімнің сметасында көрсетілген тауарлар мен қызметтердің ақысын өздері төлейтін ұқсайды. Жобаға қатысушылардың өз бизнестерін жүзеге асыруға көбірек мән беру мен қаржылық құжаттарды рәсімдеуде қиындықтарға тап болмауы үшін әдейі осылай жасалған екен. Бір жақсы жері жобаға қатысқаннан кейін барлық сатып алынған жабдық пен тауарлар қатысушылардың өздерінде қалады. Құжаттар рәсімдеуде ыңғайлылық тудыру үшін электрондық шарттарға ЭЦҚ арқылы қол қою қарастырылған. Қандай да бір сұрақтар пайда болған жағдайда жан-жақты әрі сауатты жауап алу үшін жастар арнайы Call-center-ге жүгіне алады. Бұдан бөлек жоба іске асырылатын әрбір өңірде консультативтік және тәлімгерлік қолдау көрсету үшін әлеуметтік кәсіпкерлік, жобаларды басқару мен кәсіби өсу бойынша жиырмаға жуық кәсіпқой маман тартылған. Шағын гранттар конкурсына қатысу үшін бірнеше талаптарды орындау шарт, сондай-ақ ол төмендегі санаттағы азаматтарға беріледі. Біріншіден, Қазақстан азаматы болу, екіншіден жасы 18-ден асқан, үшіншіден, өтінім берген сәтте облыс аумағында кемінде үш ай тұрақты немесе уақытша тіркелуі тиіс. Сондай-ақ грант байқауында жұмыссыз деп тіркелген мәртебесі бар жастарға, аз қамтылған отбасыларда тұратын жасы 18-ден жоғары жастар, жетімдер мен мүгедектерге, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған жас ата-аналарға, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған жас көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларға басымдық беріледі. Жобаны іске асыру бірнеше кезең бойынша жүргізіледі. Бірінші кезеңде шағын гранттар конкурсы өткізіледі. Екінші кезеңде грант алушылар өмірлік маңызды дағдылар мен жұмысқа орналасу дағдыларына оқытылады, жобаларды табысты іске асыру үшін тәлімгерлік және консультациялық қолдау алады. Бұл кезеңде қатысушылар жиһаз цехтарын, шаштараздарды, наубайханаларды, тілдік курстарды және тағы басқа жұмыс орындарын ашып, өз жобаларын іске асырумен белсенді айналысады. Осылайша өз ісін ашу бойынша алғашқы тәжірибелерді иеленеді. Үшінші кезең жобаға қатысу кезінде алған білімі мен тәжірибесін бекітуге бағытталған. Жоба іске асырылатын өңірлерінде үздік тәжірибелер форумдары өтеді, онда қатысушылар өздерінің табысқа жету тарихымен бөліседі, идеялармен алмасады және болашаққа жоспар құрады. Іс-шараға қазіргі уақыттағы бизнесмендер, бизнес-жаттықтырушылар, әлеуетті инвесторлар мен донорлар шақырылады.
Жастарды қолдауға бағытталған тиімді мемлекеттік шараның бірі «Жастар практикасы» бағдарламасы. «Жастар практикасына» оқуды енді бітірген, мамандығы бойынша әлі тәжірибесі жоқ, 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Тек оқу бітіргеніне 3 жылдан аспаса болғаны. Ең бастысы аталған бағдарламаға мектеп пен колледж бітірген жастар да қатыса алады. Өйткені көп жағдайда жастар колледж бітірген соң бірден жұмыс таппай сандалып, бос жүріп қалады. Сол аралықта әртүрлі жағдай болып өз мамандығымен оқыған жастың ол жұмысқа қызығушылығы болмай қалуы мүмкін. Жас маман жұмыс іздеп басқа өңірге немесе қалаға кетіп те қалады. Ал бүгінгі таңда ең маңызды мәселенің бірі ол ауылдық жерді көркейту екені белгілі. Жұмыс күші болмаса, ауыл қалай көркеймек?! Сол үшін ауылдарда қосымша жұмыс орындарын ашу өте маңызды. Ал оған кепілдік беретін бірден-бір шарт ол жаңа мекемелердің, кәсіпорын мен зауыттардың ашылуы. Мейлі үлкен зауыт болмаса да шағын цехтардың өзі 3-4 жасты жұмыспен қамтып, күнделікті нәпақасын табуына үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан жергілікті әкімдік осы бағдарламаның көмегімен жас азаматтарды ешқайда жібермей, мүмкіндігінше жергілікті жердегі жұмыс орындарына жұмысқа тұрғызып, ауылда ұстап қалуға әрекеттер жасап жатыр.
«Жастар практикасының» мақсаты жоғарыда айтып өткеніміздей – университет пен колледж бітірген жастарды мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмектесу, жұмыс істеуге бейімдеу. Жастар оқу бітіре салысымен өздері оқыған мамандық бойынша жұмысқа орналасса бастапқы жұмыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік алады. Дей тұрғанмен әлі жас оның үстіне еңбек тәжірибесі де қалыптаспағандықтан жас мамандарды бірден жұмысы ауыр кәсіпорындар мен зиянды, қауіпті жұмыстарға салмайды. Заң ережесі бойынша оған рұқсат та жоқ екен. Дегенмен мамандар енді ғана жұмысқа тұрған жастарға бірқатар кеңес береді. Яғни «Жастар практикасымен» жұмысқа қабылданып, жаңа кәсіпорын, мекемеге жолдама алған жас түлек өзін жақсы жағынан көрсете алуы тиіс. Бұл ретте жұмыс берушіге жауапкершілігі мен ынтасы бар, талапты, өзін жақсы жағынан таныта алатын, өз ісіне аса ұқыптылықпен қарайтын жас маман керек екені белгілі. Сонымен, «Жастар практикасына» қабылданған жас 6 ай бойы практикада болады. Ең бастысы осы уақыт аралығында ол өзін байқатып, нәтиже шығара алғаны жөн. Жұмысқа келген жасқа бірден жауапты қызмет тапсырылмайды, біраз танысып, тәжірибе жинақтағанша арнайы тәлімгердің қарауында болады. Тәлімгер жас маманға істің көзін, қыр-сырын үйретіп, көп нәрсеге бағыт-бағдар сілтейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, «Жастар практикасына» қалған азаматтардың жартысы тұрақты жұмысқа орналасып қалады екен. Ал орналаса алмағандарға жұмыспен қамту орталығы басқа бір мүмкіндіктерді қарастырып көреді. Мәселен, басқа мекемеге жіберіледі немесе Enbek электронды биржасына қайтадан өтініш тастайды. Одан бөлек, шағын кәсіп ашу үшін мемлекеттік грант алу сынды мемлекеттік көмек түрлерін де айта кеткен жөн. Оған жоғарыда аталған «Жас проджект» жобасын жатқызуға болады.
Өз кезегінде «Жастар практикасына» қатысқысы келген азамат жұмыспен қамту орталығына барып тіркеліп, өтініш береді. Орталық мамандары қатысудың шарттарын, қандай жұмыс орындары барын, бағдарлама ережелерін түсіндіреді. Дегенмен оның шарттары әр өңірде әртүрлі болуы мүмкін. Мемлекеттік қызметтен бастап жекеменшік компаниялар мен зауыттарға дейін бос жұмыс орындары қарастырылады. Әрине бұл жерде жас маманның мамандық бойынша бағыты мен мамандық атауы бірінші кезекте ескеріледі. «Жастар практикасына» келген азаматтың өзі де қай мекемеде тағлымдамадан өткісі келетінін айтып, өтініш білдірсе болады.
Ұйымдастырушылар жоғарыда айтылған қолдау шаралары ақпараттық сауаттылыққа жататынын айтты. Егер адам соның бәрін біліп жүрсе қолдау табудан ешқандай қиналмайды.