Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында тұрғындарға уақытылы көмек көрсету үшін жедел-жәрдем қызметінің сапасын жақсарту, материалдық базасын нығайту мен нысандардың санын арттыру көзделген.
Бұл меже үшінші мегаполисте ойдағыдай жүзеге асырылуда. Жақында қалада жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған жедел жәрдем станциясының симуляциялық орталығы ашылды.
Жаңадан ашылған орталықта жедел жәрдем қызметкерлеріне алғашқы медициналық және адам өміріне қауіп төнген жағдайларда шұғыл көмек көрсету бойынша кәсіби біліктіліктерін арттыруға практикалық тұрғыда дәріс өтеді. Бұл үшін орталықта кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы үшін көп функциялы оқу манекені, тыныс алу жолдарының функционалды бақылау тренажері, көктамыр ішіне енгізуге арналған жаттығу жастықшасы, автоматты сыртқы дефибриллятор сынды 50 түрлі оқыту құрылғылары бар.
Медицина мамандарын оқытуға арналған жабдықтар автоматты түрде жұмыс істейді. Яғни, практикалық тұрғыда жедел көмек көрсету барысындағы маманның дұрыс әрі бұрыс әрекетін құрылғы арнайы түстер арқылы бағалап, бағыт-бағдар беріп отырады.
Сондай-ақ жедел жәрдем станциясына төрт орындық санитарлық көлік берілді. Заманауи жабдықталған автомабильде өкпені жасанды желдету аппараты, дефибриллятор және кардиостимулятор, реанимация сөмкесі, күйікке қарсы құрылғылар сынды жедел көмек көрсетуге арналған құрал-жабдықтардың барлығы бар.
Айта кетейік, қаладағы жедел жәрдем станциясы жанынан ашылған симуляциялық орталық еліміздегі жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған жалғыз орталық.