Шымкентте өткен жылдың 12 айында өңірде өнеркәсіптік өнім өндірісі 2019 жылдан бастап 12,9%-ға 654,2 млрд теңгеге дейін өскен. Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қала бойынша өткен жылы 37,7 млрд теңге сомасына 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен 22 инвестициялық жоба іске асырылған. Соның ішінде жеңіл өнеркәсіп саласы да қарқынды дамып келеді. Әсіресе, кәсіпкерлікті қолдайтын "Бизнестің жол картасы 2025", "Еңбек" секілді мемлекеттік бағдарламаларға иек артып, өз ісін ашқан тігін фабрикалары көбейген. Солардың бірі – «Жібек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бүгінде тігін цехында 250-ге жуық маман жұмыспен қамтылған. Еңбек ақылары да жұмысына қарай жақсы төленеді. Фабрикадағы қыз-келіншектер тіккен киімдер Қазақстаннның түкпір-түкпіріне жол тартуда.
Бүгінде цехтың жұмысы қарқынды. Тігін фабрикасы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Әр тігіншінің алдында —соңғы үлгідегі тігін машинасы. Қол күшін қажет етпесе де мұндағы шеберлерге жүктелген міндеттің жүгі ауыр. Мұндағы қыз-келіншектер әскери қызметкерлерге арналған киімдерді тігеді. Өндірістің технологиялық процесі мен ассортиментіне байланысты бір ауысымда 300-500 дана өнім шығаруға қауқарлы.
"Бізде 220 адам жұмыс істейді. Құрылғылардың барлығы импортный. Түскі ас қызметкерлеріміз үшін тегін, таңғы ас та бар. Жыл сайын қызметкерлерімізді демалыс орындарына жіберіп тұрамыз. Әсіресе, қаңтар, ақпан айларында жұмыс қарқыны бәсеңдейді. Жалақылары орташа, уақытылы алады. Біздің фабриканың девизі тауардың сапасы мен жылдам тігілуінде",- дейді бухгалтер Наталья Никитенко.
Фабрика заманауи автоматтандырылған құралдармен жабдықталған. Мұндағы аппараттардың басым бөлігін 2017 жылы сатып алған. Ал 2020 жылы трикотажға арналған қосымша тігін машиналарымен толықты,. Яғни жыл сайын фабриканың қуаттылығы артып келеді. Автоматтандырылған тігін жабдықтарының болуы арнайы жұмыс киімдерінен бастап, жейде, шалбар, қысқы және жазғы дала костьюмдері, тіпті қысқы пальтоға дейін кез-келген жоғары сапалы бұйымдар тігуге мүмкіндік береді.
Айтып өтейік, «Жібек» тігін фабрикасы сапалы қызмет көрсету нәтижесінде халықаралық және републикалық көлемде хаттармен марапатталған. Мәселен, 2017 жылы Мәскеуде өткен «BEE-TOGETHER.ru халықаралық іскерлік платформасы» көрмесіне қатысса, «ULTTYQ ONIM Astana-2018» қазақстандық өндірушілердің арасында сән көрсетіліміне қатысқаны үшін дипломмен марапатталған. Бұдан бөлек, бірнеше мадақтамалары бар.