Қала әкімінің шалғай елді мекендердегі инфрақұрылым мәселелерін жүйелеу жөніндегі тапсырмасына сәйкес Қаратау ауданы әкімі А.Әліқұлов аудан аумағындағы Қайнарбұлақ тұрғын алабының өзекті инфрақұрылымдық мәселелері бойынша тұрғындармен кездесті. Аудан әкімімен бірге Шымкент қаласының мәслихат депутаттары Талғат Балтабаев, Аслан Алимбек, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков те тұрғындардың шағымын тыңдап, мәселенің мән-жайына үңілді. Тұрғындар электр жарығы, су, табиғи газ мәселелерін шешіп беруді сұрады. Бас мердігер "TURAN ENERGO GROUP" ЖШС шағын ауданға жарық алдағы жылдың екінші жартысында берілетінін айтты. Сондай-ақ, газ бен су мәселесі де келер жылға дейін күтуге тура келетіні мәлім болды.
Осы орайда, тұрғындарға аудан әкімдігі мен құзырлы мекеме тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспардағы жобалар толығымен таныстырылды.
Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде елді мекенді ауыз су, табиғи газбен қамту жұмыстарының құрылысы ағымдағы жылғы сәуір айында басталса, аяқталу мерзімі биылғы жылдың желтоқсанына жоспарланып отыр. Жұмыстарды жобалаушы мекеме «МПК-Проект» ЖШС.
Сонымен бірге, тұрғын алапты сапалы электр жарығымен қамту жұмыстары осы жылдың маусымында бастау алған. Бас мердігер мекеме «Turan Energo Group» ЖШС. Құрылыс жұмыстарын 2022 жылдың ІІ тоқсанына аяқтау көзделіп отыр.
Айта кетейік, Қайнарбұлақ тұрғын алабында бүгінде 6000-ға жуық халық тұрады.
Кездесу соңында тұрғындар аудан басшылығына, мәслихат депутаттары мен құзырлы мекеме басшыларына алғысын білдірді.