Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында: "Кез келген елдің экономикасының негізі – шағын және орта кәсіпкерлік. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, шағын және орта кәсіпкерлікті қалыптастыру мен дамыту елдің экономикасын көтеруде маңызды орынға ие. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы салалық және өңірлік монополизмді жоюға, рынокта тауарлар мен қызметтерді көбейтуге, жаңа жұмыс орындар ашуға, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін пайдалануға, қоғам тұрақтылығының кепілі болып табылатын орта тап қалыптастыруға үлкен мүмкіндіктер бар" - деп атап, шағын және орта кәсіпкерліктің маңызы жоғары екенін ескерткен болатын.
Осы орайда, Үшінші мегаполисте де кәсіпкерлікті қолдау ісі тиімді жүзеге асырылған. Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданы аумағында жалпы 4962 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасайды. Олардың тиімді әрекетінің арқасында өткен жылы жергілікті бюджетке 4,7 млрд. теңгеге салықтық түсім түскен. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев айтты.
Өткен жылы Әл-Фараби ауданындағы 71 кәсіпкерлік нысанға 4,6 млрд. теңге жеке инвестиция тартылып, 508 адам жұмыспен қамтылған. Ал, биылғы жылғы жоспар бойынша ауданға 17 млрд. теңге инвестиция тарту ісі жолға қойылған.
Кездесу барысында кәсіпкерлердің күрделі мәселелері тыңдалып, оның шешу жолдары талқыланды. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамыту және қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың талаптары мен оның тиімділігі айтылып өтті.
Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалары.