Қазақстанда кәсіп бастап, өз ісін жандандырамын деген азаматтарға бар жағдай жасалған. Ол үшін арнайы кәсіпкерлік бағдарламалары да жұмыс жасайды. Мысалы, шағын және орта бизнеске арналған қайтарымсыз гранттар бар. Оның біршамасын мемлекет, біразын жеке ұйымдар, қорлар ұйымдастырады. Сол бағдарламалардың бірі "Бизнестің жол картасы - 2025".
Жалпы елдің орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз ету жеке кәсіпкерліктің және ең алдымен, шағын және орта бизнестің даму деңгейіне тікелей тәуелді. Сондықтан шағын және орта кәсіпкерлік және жеке кәсіпкерлердің дамуына қолдау көрсету мемлекеттің басты қызметі. Осы негізде қолға алынған «Бизнестің жол картасы–2025» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру ісі Үшінші Мегаполисте де қарқынды жүруде. Яғни, Шымкент қаласында қазіргі таңда аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында инновациялық жобаларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру бойынша конкурс отырысы өтуде. Бұл бағдарлама шеңберінде 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы беріледі. 7 маусым мен 18 маусым аралығында 205 өтінім келіп түсті. 205 өтінімнің жобасы 3 жұмыс күнінде қаралып, тыңдалатын болады.