Отандық өнімге қолдау керек. Бәсекеге қабілетті әрі сапасы сын көтеретін өнім жасап шығару бүгінгінің талабы. Осы орайда Шымкент қаласындағы кәсіпкерлік саласының дамуына бірқатар кәсіпорындар өз үлесін қосуда. Соның бірі жыл сайын 24 млн жұп шұлық шығаратын «Аlem БТ» зауыты.
Зауыт 12000 шаршы метрді құрайды және ол «Оңтүстік» экономикалық аймағында орналасқан. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2015 жылы құрылған зауыт «Жаңа идустриалды Қазақстан» жобасының қатарында болған айрықша обьект.
«Аlem БТ» зауыты Оңтүстік Корея технологиясы бойынша салынған. Аталмыш зауытты алдағы уақытта Еуропалық стандарттарға сай әлемдік брендке айналдыру жоспарлануда.
- Тауарлардың көбісіні өзіміздің фабрикада істеп шығарамыз. Оны шығару үшін жіп, спандекс, резина сынды көптеген нәрселер кетеді бір нәскиге. Мысалын спандексті фабрикада орап, дайындап шығарамыз. Боялмаған жіпті Өзбекстан елінен алып соны өзіміздің фабрикада бояу цехы бар сол цехта бояу, өзімізге қандай бояу керек, сол реңкте бәрін өзіміз шығарамыз - деді Alem БТ зауытының менеджері Нұрдәулет Рысбеков.
Зауытта әртүрлі дизайндағы шұлықтар шығарылады. Бағасы да қолжетімді. Әсіресе, шет мемлекеттерден өнімге деген қызығушылық жоғары. Қазіргі таңда, зауыттағы 75 % өнім экспортта. Оның ішінде көрші Ресей, Италия мемлекеттері басты тұтынушы болып отыр.
Зауыттың толыққанды қуаттылығы жылына 24 млн. жұп. Алдағы уақытта инвесторлардың қолдауымен Италияның "Lunati" станоктарын алып қуаттылығын бірнеше есе арттыруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда кәсіпорынның беделін арттыру үшін Түркиядан арнайы мамандар келіп жұмыс атқаруда.