Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде шығарылған өнімнің әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуы үшін екі нәрсенің қажет екенін айтқан болатын: "Баға сәйкес келіп, сапа жоғары болуы тиіс. Сапа тек қана жаңа технологиялармен жасалады. Әлемдік тәжірибені зерделеу қажет. Баға еңбек өнімділігінің артуымен құрылады. Яғни, энергияны, суды, адам күшін аз пайдаланатын құрал-жабдықтарды, машиналарды, кәсіпорындардағы тетіктерді алмастыру қажет. Сол кезде тауардың бағасы төмендеп, бәсекеге қабілетті бола түседі" - деп атап, отандық өнімді шығаруда бәсекеге қабілеттілікті басты орынға қоюды ескерткен болатын.
Осы негізде елімізде отандық өнімдерге деген сұраныс артып келеді. Атап айтқанда, ел экономикасының дамуында алғы шепте келе жатқан кәсіпорындардың бірі Шымкенттік "Bal tekstil" кілем зауыты. Мұнда әсемделіп, әспеттелген отандық кілемнің 2000-нан аса түрі шығарылады. Тіпті, олар нарықта өте жоғары сұранысқа ие және бағасы да қолжетімді.
Сапасы әлемдік брендпен иық тірестіре алатын фабрика Елбасының бастамасымен құрылған болатын. Қазіргі таңда, аталмыш кәсіпорын ел көлемінде танымал кілем шығаратын зауытқа айналған. Сондай-ақ, фабириканың экспорттық географиясы да ұлғайып келеді. Қырғызстан, Ресей, Әзірбайжан, Тәжікстан, Франция және Шведтің ең үлкен сауда желісі «IKEA» арқылы Ұлыбритания мен Германия мемлекеттеріне де «Қазақстанда жасалған» деген белгімен экспортталуда.