Шымкентте сағатына 2000 жолаушыны өткізе алатын халықаралық әуежайдың жаңа терминалының құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Екінші кезеңнің құрылыс жұмыстарын «Альянс Контракт Құрылыс» ЖШС жүгезе асыруда. Қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған нысанның салыну барысын тексерді. Халықаралық маңызы бар нысан құрылысының сапасына баса назар аударды.
Бүгінгі таңда жер жұмыстары, свай және іргетасын құю жұмыстары толық аяқталып, терминалдың қасбеттік жүйелерін монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы аумағы 2,8 гектар болса, ғимараттың жалпы алаңы 35 мың шаршы метрді құрайды. Бұл әуежай «Нұрлы жол» бағдарламасы және "Даму" қоры қолдау көрсеткен SCAT компаниясының инвестициялық жобасы. Өткен жылы авиакомпания әуежайда жаңа жолаушылар терминалын салуға және құрал-жабдық сатып алуға «Халық Банкі» АҚ арқылы 14 пайызбен несие алған. Оның 7 пайызын «Даму» Қоры субсидиялайды. Болашақта әуе кемелеріне арналған перронды кеңейту жоспарда бар. Өткен жылы қала әкімдігі әуежай алдындағы алаңдағы автотұрақты абаттандыруға 912 млн теңге бөлген болатын. Бұл жұмыс қазір аяқталды. Бүгінде жобалық құны 1,7 млрд теңге болатын жаңа кіреберістің құрылысы жалғасуда, оның аяқталуы бірінші жартыжылдықтың соңына жоспарланған. Бұдан басқа, инженерлік желілер құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Оның құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
2020-2025 жылдарға арналған жоба мегаполис тұрғындары мен қонақтарын жайлылықтың жоғары деңгейімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әуе айлағының сыйымдылығын он есе арттыратын бұл жоба бүкіл аймақ тамырына қан жүгіртетін терминал болғалы тұр.