Шымкент қаласының Инвестициялық штабтың кезекті отырысында қаладағы шағын және орта бизнестің даму мәселелері талқыға түсті. Атап айтқанда, бұл бағытта «Өңірлік брендтерді дамыту» жобасы, «Іскер қала» өңірлік бағдарламасы бойынша ұсыныстар айтылды.Аталған жобалар бойынша қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков баяндады.
Кәсіпкерлер палатасы директорының айтуынша, бүгінде «Бастау Бизнес» курсын бітіргендерге қолдау жеткілікті. Оларға негізінен үш бағытта – өнеркәсіп, сауда және қызмет көрсету, агроөнеркәсіп кешені бойынша түрлі жеңілдіктер ұсынылуда.Шаһарда шағын және орта бизнестің тиімділігін арттырудың кешенді шешімдері қолға алынуда. Соның бірі – кіші индустриалды аймақтар құру. «Бастау Бизнесте» оқыған кәсіпкерлерге кіші индустриалды аймақтан орындар ұсынылуда. Басты артықшылықтары – дайын сауда орындары, жеңілдік шарттарымен жалға алу және инфрақұрылымның қолжетімділігі. Сондай-ақ, өңірлік брендтерді дамыту аясында франшиза жобаларының тиімділігін арттыру көзделуде. Франшиза – дайын бизнес. Онда кәсіпті толық сүйемелдеу мүмкіндігі бар. Жалпы 2021-2023 жылдары күтілетін нәтижелерге тоқталып өтсек. Қалада 1000 сауда нүктесімен өңірлік 50 брендті қалыптастыру, 500 жеке кәсіпкерлік нысаны бойынша 4 кіші индустриалды аймақ құру жоспарлануда.
Сондай-ақ, инвестициялық штабтың кезекті отырысында жаңа жобалар мен жобалардың өзекті мәселелері қаралды. Zoom жүйесі арқылы инфесторлар өз жобаларын ұсынды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, құрылыс саласы, құс шаруашылығын дамыту бойынша және әлеуметтік нысандар құрылысы, жалпы 9 жоба таныстырылды. Атап айтқанда, «РЕТ» ЖШС көмірқышқыл газын қайта өңдейтін кәсіпорын, Жеміс және көкөністерді қайта өңдеуге маманданған «SLT» кәсіпорны, көкөніс сақтау бағытына маманданған «КЕРЕМЕТ-САПА» ЖШС. Сондай-ақ, Selena Group (Польша) компаниясы құрылысқа қажетті құрғақ қоспалар өндірісі жобасын ұсынды. Ал, «Шымкент құс» ЖШС құс ферманың құрылысы үшін 3 гектар жер телімі қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар, ФК «Самрук» жеке кәсіпкерлігі «Самрұқ» спорт кешенінің құрылысын салуды жоспарлауда. Сондай-ақ, штаб отырысында «ЮжСтройСервис» ЖШС-ның қоймалар өндірісі, «Казахстанская Нефтехимическая Компания КЕМИКАЛ» ЖШС-нің полимерлер өндірісі және «Prestige House» ЖШС-нің көпқабатты тұрғын үй жобасы таныстырылды.