Қаланың әлеуеті мен экономикасының негізгі қозғаушы көзі ол әрине шағын және орта кәсіпкерлік. Шымкенттің дамуына үлесін қосып келе жатқан кәсіпорынның бірі "Shymkent Temir" ЖШС. Болат блюм шығаратын қазақстандық кəсіпорында жағымды жаңалық көп. Компания Шымкент мегаполис атанған соң жұмысшыларының жалақысын көтерген қаладағы алғашқы кəсіпорын болып тұр. Жақында шаһар әкімі Ғабидолла Əбдірахымов кәсіпорын басшылығына алғыс айту үшін арнайы барып қайтты. Қазіргі таңда зауытта 500-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың 80% - жергілікті тұрғындар. Бірінші қыркүйектен бастап олар бұрынғы жалақыдан 30% көп алатын болады. Бастамашыл кəсіпорында жартылай дайын өнімдер 40 тонналық индукциялық пештерде, болатты пештен тыс өңдеу құрылғысында жəне үш ағынды үздіксіз құю машиналарында құйылады. Жоба Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. "Оңтүстік" индустриалды аймағында орналасқан кəсіпорынға əкімдік тарапынан 17 га жер учаскесі бөлінген. Жобаға 5,94 млрд теңге инвестиция тартылған. Кəсіпорынның жобалық қуаты - жылына 300 мың тонна құйма түріндегі болат блюм шығару. Олар əрі қарай металлургияның кез келген өнімдерін: арматура, металл құрылымдар жəне түрлі металл бөлшектер жасауға дайын. Мұнда шығарылған өнім 100% жақын шетелге (Өзбекстан, Орталық Азия) экспортқа шығарылады. Зауыт аумағында тұйықталған теміржол бар, газ құбыры, электр желісі мен су құбыры тартылған. Осылайша өндіріс алаңында жобаның толық жүзеге асырылуына бар жағдай жасалған.
Айта кетейік, "Shymkent Temir" ЖШС-де қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағытында үнемі жұмыс атқарылады. Кəсіпорын басшылығы зауытқа шетелден тəжірибелі мамандарды тұрақты түрде шақырып, олар зауыт персоналын оқытады жəне шеберлік сабағын өтіп тұрады.