Жыл басынан бері Шымкентте заңсыз құрылыс нысандарын мәжбүрлеп бұзу бойынша 34 талап-арыз жолданды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тиісті ережелерге сай салынбаған нысандар арасында автожуу бекеттері, дүкендер, қоғамдық тамақтану орындарының ғимараттары бар. Тексеру шаралары кезінде құрылыстың жобалық құжаттамасыз салынғаны, авторлық және техникалық қадағалаушыларсыз және құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғандығы туралы хабарламасыз жүргізілгені анықталған.
18 нысанға қатысты мәжбүрлеп бұзу туралы сот шешімі шығарылып, 9 талап –арыз сот шешімімен қанағаттандырусыз қалдырылса, 7-уі қазір сот органдарының қарауында. Бұдан бөлек, айыппұлға дейін құрылыс иелері 10 нысанды ез еркілерімен бұзған.
Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы мен аудан әкімдіктерінің хаттары негізінде 189 құрылыс объектісіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылды. Құқық бұзушыларға 103 510 075 теңгенің айыппұлы салынды.
Заңсыз құрылыс нысандары мегаполистің сәулеттік келбетін бұзып қана қоймай, жобалық құжаттамасыз, авторлық және техникалық қадағалаушыларсыз жүргізілген құрылыс нысандары азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан да құрылыс салушыларды рұқсат құжаттарын алудан бастап, жұмыс жобасын дайындау, пайдалануға қабылдау актісіне дейінгі құрылыс процесіне қойылатын барлық талаптарды орындауға шақырамыз.
Тиісті талаптар орындалмаған жағдайда Заң талаптарына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылып, сот органдарына мәжбүрлеп бұзуға талап-арыздар жолданатын болады.