Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында спорт саласын дамыту мақсатында кешенді жоспар әзірленіп, жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Мәселен, жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен базар жастарының арасында “Дүйсенбілік футбол” өтті. Бұл туралы Шымкент ақпараттық коммуникациялық орталығы хабарлады.
Айта кетейік, бұл шараның басты мақсаты, сауда орындарындағы жастарға салауатты өмір салтын насихаттау, бос уақытын тиімді пайдалану және жастар арасында бұқаралық спортты дамыту болып табылады.
Лигаға “Алаш” және “Жібек жолы” базарларынан жасақталған 6 команда қатысып, тартысты ойын көрсетті.
Нәтижесінде:
- I орын – “Алаш” базарынан «Қайсар» командасы;
- II орын – “Жібек жолы” базарынан «Қайрат» командасы;
- III орын – “Жібек” жолы базарынан “Тұлпар” командалары иеленді.
Сонымен қатар, спорттық сайыста үздік қорғаушы, үздік қақпашы, үздік шабуылдаушы мен үздік ойыншы иегерлері анықталды.
Жеңімпаз командаларға Жастар ресурстық орталығы басшы Мағжан Исаховтың атынан алғыс хаттар табысталды.