Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ҚР Конституция күніне арналған «IQ ZHASTAR» қалалық интеллектуалдық сайысы басталды. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.
Аталған жобаға қаланың белсенді жастары, блогерлер, жас журналистер, жайдарманшылар, жас ғалымдар, оқу орнының үздіктері, мемлекеттік қызметкерлер, ұстаздар, кәсіпкерлерден құралған жалпы 16 команда қатысуда.
Жастарды білімге, оқуға құлшынысын және бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру мақсатында қолға алынған ойын екі күнге яғни, 25-26 тамызға жоспарланған.
Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов дарындылар сайысына қатысушыларға сәттілік тілеп, көпшілікті мемлекеттік мереке ҚР Конституциясы күнімен құттықтады.
– 16 тамыз күні қала әкімінің төрағалығымен жастар кеңесі өткен еді. Сол жиында жастар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Қала әкімі жастардың ұсынысын қолдау бойынша басқармаға тапсырма берді. Осыған орай жастардың зияткерлік әлеуетін арттыра отырып, жаңа орта табуға көмектесу мақсатында интеллектуалды сайыс жүзеге асып отыр. Бұл сайыс білімді, ізденімпаз, коммуникативті және тапқыр тұлғаларды дайындайтын, жастарды бір арнаға тоғыстыратын бірегей жоба. Баршаңызды келе жатқан Конституция күнімен құттықтай отырып, жоба қатысушыларына сәттілік тілеймін, – деді басқарма басшысы.
Интеллектуалды ойынға қатысушылар негізінен, Шымкент қаласының 14 пен 35 жас аралығындағы жастары. Бүгін 1\8 кезең және ширек финал ойындары, екінші күні жартылай финалдық ойындар өтеді. Атап айтқанда, жобада «Тұран», А.Асқаров командасы, «Ордабасы», Әуезов құрамасы, «Жалын», «Ақиқат», «Абадан» сынды командалар бақ сынап жатыр. Қатысушылар барлық саладан жиналған. Жобаға арнайы телевизиялық түсірілім арқылы көрерменге ұсынылатын болады.
Жүзден жүйрік атанған жеңімпаздарға Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма атынан диломдар мен бағалы сыйлықтар (ноутбук, планшет, смартфон) табыс етіледі. Сонымен қатар, 2 айналымға өткен қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары (планшеттер) беріледі.
Интеллектуалды ойынды ұйымдастырушылардың айтуынша, сайыстың 80 пайызы логикалық сұрақтардан тұрады.