Конституция мемлекеттің бастапқы саяси және құқықтық құжаты болып табылады. Ол қоғамның өмір сүруінің саяси нысанын, мемлекеттік органдардың жүйесін құрып, орнықтыратын, олардың қалыптасу тәртібі мен жұмыс істеу тәсілін белгілейтін, азаматтың бостандықтары мен құқықтарын баянды ететін ұзақ мерзімдік қолданыстағы басты құжат. 1995 жылы 30 тамызда республикада бүкілхалықтық референдум өтті, нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл күн Қазақстанның басты мерекелерінің бірі саналады.
Шымкентте Конституция күніне орай «Елдіктің суреткері» жас ақындар мен қылқалам шеберлері арасында байқау өтті. Қаратау ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен сайыста қатысушылар патриоттық тақырыпта сурет салумен, жас ақындар өлең шумақтарын шығарумен бақ сынады. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.
Байқау - талантты әрі дарынды жастарды қолдау, өскелең ұрпақ бойына отансүйгіштік қасиет қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Жеңімпаздар мен қатысушыларды аудан әкімі Рақымберді Мүлкеманов және аудандық «AMANAT» партиясы атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы құттықтап, аудан әкімінің арнайы сыйымен марапаттады. Байқау нәтижесінде бас жүлде «Отаным» атты жыр жолдарымен көпшілікті тамсандырған дарынды ақын Мадина Хакимжановаға бұйырса, қылқалам шеберлері арасында «Отан» картинасымен көзге түскен жас суретші Дастан Икрамидин иемденді.