Сайрам жөнінде ең алғашқы рет 629 жылы жазылған қытай саяхатшысы Сюань-Цзянның қолжазбаларында кездеседі, мұнда Сайрам – «Ақ өзен бойындағы қала» деп көрсетілген. Кейін Махмұд Қашқарий еңбегінде: «Сайрам – бұл Ақ қала (Аль маданият ал Байзо). Ол қаланы Исфиджаб және де Сайрам деп те атайды» деп жазған. Исфиджаб атауы соғды тілінен аударғанда «Ақсу» деген мағынаны білдіретіндігін орыс ғалымы В.К. Шуховцов ұсынған. Дегенмен де Сайрам атауының шығу төркіні жайлы жорамалдар өте көп.
Енді кейбір ғалымдардың жорамалдарына сүйенсек, Сайрам атауы сайрим атты тайпаның атауынан шыққан дейді. Бұл тайпа атауы алғашқы рет «Авестада» кездеседі. Авеста – б.э.б. ҮІ-ҮІІ ғ.ғ. жазылған Заратуштра дінінің кітабы. Мұнда Ария-тур, Дана, Сайна, Даха тайпаларымен бірге Сайрим тайпалары айтылады.
Өз тарихында талай мәдениеттер мен өркениеттерді бастан өткерген Сайрам бірнеше мәрте шапқыншылыққа ұшырады. Араб тарихшылары монғол шапқыншылығы кезінде қалада адам сүйектерінің кірпіш секілді қаланып жатқанын баяндайды. Сайрамды әсіресе, жоңғар шапқыншылығы қатты қиратты. Жоңғарлар қалаға алғаш рет 1681 жылы шабуыл жасап, бірақ оны ала алмаған. Екінші шапқыншылық «Ақтабан шұбырынды, Алакөл шұбырынды» жылдарында болды. Жоңғарлар қаланы түгелдей талап-тонап, еңбекке жарамды қыз-жігіттерді айдап алып кеткен. Тарихи деректер осы сұмдық кезінде қала тұрғындарының 40 мыңнан 6 мыңға дейін кемігенін жазады. Құлдыққа түскен сайрамдықтар көптеген елдерге босып кетті. Бүгінде Түркіменстанда, Тәжікстанда, Өзбекстанда «Сайрам» деген жер атауларының кездесуі осы аласапыран кезінде бас сауғалап қашқан сайрамдықтардың кейінгі тағдырымен байланысты болса керек.
1810 жылдары болған қоқан шапқыншылығы, 1864 жылғы орыс отаршылдығы да Сайрамның аса қайғылы парақтарының бірі болып табылады.