Қазақстандағы көне қалалардың қатарына Сайрам, Отырар, Тараз, Сауран, Сығанақ тағы басқа да қалалар жатады. Осыдан біраз жыл бұрын Тараз қаласы 2 мың жылдығын атап өткен. 2000 жылы Түркістан 1500 жылдық мерейтойын тойлады. Шымкент қаласының 2200 жылдығы туралы мәселе соңғы оншақты жылдың төңірегінде айтыла бастады.
Жазба тарих бойынша Шымкент қаласы ХІV ғасырда пайда болған. Дәлірегі ол деректерде осы кезден бастап атала бастайды. 1366 жылы Әмір Темірдің жорықтарын жазып отырған Шараф-ад-Дин Йезди өзінің «Зафар-нама» атты тарихи шығармасында Моғолстанға жорыққа аттанып бара жатқан Әмір Темір әскерінің «Испиджабқа жақын орналасқан Чемегень» деген қонысқа кез болғанын жазыпты. Бұл Шымкент туралы табылған ең көне жазба дерек болып саналады. Күні кешеге дейін қаланың пайда болған уақыты да осы мерзіммен байланыстырылатын.
Алайда археологтар мүлдем басша пікірде. «Шымкент кем дегенде бұдан 2200 жыл бұрын пайда болған» деген елең еткізерлік болжамды алғаш рет 2003 жылы жергілікті археолог-ғалым Бауыржан Байтанаев жасаған еді. Облыс орталығының көне орнында қазба жұмыстарын жүргізген ол бұған нақты дәлел таптық деген.
Одан беріде Ұлттық ғылым академиясының академигi, тарих ғылымдарының докторы, профессор Карл Байпақов, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкерi А.Грищенко, қалалық мәслихаттың депутаттары Ғани Ташқараев, Нұрғазы Бұқарбаев баспасөз мәслихатын өткiзіп, Шымкенттің жасын анықтауға қатысты қазба жұмыстарының жалғасатынын мәлім етті. Баспасөз мәслихатында Карл Байпақов Шымкенттің жасының нақты қаншада екенін айғақтайтын қазба жұмыстарына жергілікті ғалымдармен бірге Англиядан, Франциядан, көршiлес Өзбекстаннан да мамандар шақырылатынын мәлімдеді. Шақыртылған мамандар да қаланың екі мың жылдан астам тарихы бары екендігін дәлелдедік деді. Археологтардың халықаралық ғылыми конференция барысында Канада, Франция, Бельгия, Англия, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан мемлекеттерінен келген ғалымдар Шымкенттің 2200 жылдық тарихы барын бір ауыздан растады. ЮНЕСКО былтыр Шымкенттің 2200 жылдығын атап өтуді 2020 жылы өтетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізді. Сонымен бірге Шымкент 2020 жылы ТМД мемлекеттерінің Мәдени астанасы атанды.