Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы мен Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бірлесе отыра, Республика даңғылы бойындағы сауда нүктелерінде есірткі заттарын насихаттаудың және жарнамалаудың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығы хабарлады.
Ақпараттық түсіндірме жұмыстарында сатушылар мен сауда иелеріне ашық түрде есірткі заттары бейнеленген киім-кешектерді, тұрмыстық бұйымдарды сатқаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғаны атап көрсетілді.
Жауапты мамандар аймақ кәсіпкерлеріне жүгініп, адамның сезімі мен түйсіктеріне бейсаналық әсер ететін, есірткі заттарына қызығушылығын қалыптастыратын немесе оларды қолдайтын бейнелер мен жазулары бар заттарды сатуға тыйым салынғанын ескертті.
Айта кетері, биыл Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
- Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр, - деді ол.
Тоқаев Үкімет таяу күндері осы мәселе бойынша арнайы жоспарды қабылдайтынын айтты.
-Полиция өз жұмысын белсенді және тиімді жүргізуі керек. Мен бұған ерекше мән беремін. Елімізде 2016 жылдан бері есірткімен күрес жұмыстарын реттейтін арнаулы құжат болған жоқ. Сондықтан, былтырғы Жолдауымда кешенді жоспар әзірлеуді тапсырдым. Үкімет таяу күндері осы мәселе бойынша арнайы жоспарды қабылдайды. Бұл – өте маңызды құжат. Осы құжаттың аясында жан-жақты жұмыс атқарылады. Білікті заңгер Серік Ақылбай атап өткен құқықтық сананы қалыптастыру мәселесі де өте өзекті. Жастардың құқықтық сауатын арттыру аса маңызды. Сонда әркім өзінің құқығын қорғай біледі және өзгенің құқығын таптамайды. Заң мен тәртіп үстемдік құрған мемлекеттің тұғыры қашанда мықты болады, - деді ол.