Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы мен Қызылорда қаласының Жастар ресурстық орталығы қызметкерлері жастармен жүйелі жұмыс күшін жандандыру мен дамыту мақсатында өзара тәжірибе алмасты. Бұл туралы Шымкент Ақпараттық-коммуникациялық орталығы хабарлады.
Екі жақты кездесу барысында өңірлерде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар мен жастар саясатын жүзеге асыру бағытында қолға алынған жоспарлар жөнінде пікір алмасты.
Шымкент қаласына арнайы ат басын бұрған әріптестер Қызылорда қаласындағы ауқымды жобалар мен тың жоспарларын ортаға салды. Сондай-ақ, Кәсіби техникалық және кәсіптік мамандықтарға арналған жоба жөнінде бөлісіп, нәтижесін жеткізді.
«Лудоманияның алдын алу жөніндегі кешенді жоспарды» әзірлеу мен іске асыру жөнінде 4 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өткен болатын. Екі жақты кездесу барысында жастар арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелерін шешу жолында бірқатар ұсыныстар тақыланып, ортаға салынды.
Айта кетері, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелері қарастырылды. Президент осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды.
– Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс, – деді Президент. Осыған байланысты Мемлекет басшысы салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев құмар ойынға тәуелді азаматтардың қатысы бар қылмыстар көбейгеніне құқық қорғау органдарының назарын аударып, алдын алу жұмыстарын жүргізіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді.
Президент елімізде лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін атап өтті.