Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Жұрттың діни сауатын арттыру керек. Азаматтарымыз шынайы исламның құндылықтарын білуге тиіс. Сол құндылықтарды халық арасында түсіндіріп, дәріптеу қажет. Әсіресе өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген жөн. Көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, санасы сергек ұрпақ ұлтқа адал қызмет етеді», деген болатын.
Президент былтыр халықпен кездесуінде:
-Қазақстан – зайырлы мемлекет. Конституциямызда дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ, зайырлы және төзімді, толерантты болу дегеніміз бәріне көз жұма қарап, жайбарақат отыру деген сөз емес. Біз елдің қауіпсіздігі мен тұтастығына нұқсан келтіруге ешқашан жол бермейміз. Радикалды ағымдар мен діни сепаратизмге ортамызда орын жоқ. Бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстанған. Шариғаттың шарттары мен халқымыздың әдет-ғұрпы үндескен дәстүрлі ата дініміз бар. Оның асыл құндылықтары осы күнге дейін ұлтымызды ұйыстырып, бірлігімізді бекемдеп келеді. Ата жолын сақтап, дініміз бен салт-дәстүрімізді берік ұстау – біздің перзенттік парызымыз. Осы орайда, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру аса маңызды, – деп атап өтті.
Осы орайда Шымкенттегі Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Энергетика және байланыс колледжінің жастары арасында діни танымдығын арттыру бағытында сала мамандарының қатысуымен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Мақсаты - жастарға діни ағымдардан сақтану туралы терең түсінік беру, ата-ананы құрметтеу мен жақсылық жасай білуге баулу.
Кездесуде Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Жұмаділлә Бексұлтан қатысып, деструктивті діни ағымдардың алдын алу жолдары мен дін бағытындағы бірқатар ақпараттармен бөлісті.
Сондай-ақ кереғар діни ағымдардан сақтану жөнінде сөз етіп, әлеуметтік желілердегі дінге қатысты ақпараттарды бөлісуге немесе жарияламауға шақырды.