Қалалық жастар ресурстық орталығында «Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа маусымының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.
Іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жастарды жаңа маусымның ашылуымен құттықтап, жобаның маңыздылығына тоқталды. Жиынға жастар ресурстық орталығының өкілдері мен студент жастар қатысты.
– «Жасыл ел» еңбек жасақтары – ел аумағында жастарды кең ауқымда қамтыған жобаның бірі. Осы жастар қаланың көгалдандыру жұмыстарына белсене араласып, алаңдарда, саябақтарда абаттандыру жұмыстарын жүргізіп келеді. 2005 жылы құрылған көшбасшы ұйым белсенді жастарды біріктіріп, оларды еңбекке баулу, патротизмді қалыптастыруға үлесін қосуда. Еңбектеріңізге алғысымды білдіре отырып, баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Жауапты мамандардың айтуынша, биыл қалада 1500 жасты аталған бағдарлама аясында жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Еңбек жасақтары қала тазалығына елеулі үлес қосып келеді. Жобаға жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен жұмыссыз жастар қатыса алады. Жас ерекшелігі 18-35 жас аралығын құрауы тиіс.
Айта кетері, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары – экологиялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға, қалалар мен елді мекендерді көгалдандыруға, абаттандыруға, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған жалпыұлттық қозғалыс.