Әлеуметтік сала мамандары қызметінің басым бағыты халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету және мүгедектігі бар азаматтарды оңалту шараларымен қамтуға негізделген. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты 11 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары мен «Еңбек мобильділігі» және «Мансап» орталықтары бар. Жалпы, бір мыңнан астам әлеуметтік сала маманы еңбек етеді.
Қызмет көрсету аясы кең салада жемқорлықтың жолын кесу маңызды. Бүгін осы мақсатта басқармаға бағынысты мекеме қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу бойынша оқыту семинары ұйымдастырылды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникация орталығы хабарлады.
Жемқорлықпен күрес мәселесі назарға алынған шарада құқық бұзушылықтардың алдын-алу және сыбайлас жемқорлыққа әкелетін тәуекелдерді азайту көзделген. Сала мамандары қоғамның өзекті мәселесіне қатысты өзара пікір алмасып, құқықтық сауаттылықтарын арттырды.
Бүгінде жемқорлық тәуекелдерін жою барлық мемлекеттік мекемелердің міндеті. Мақсат-қоғамдағы келеңсіздік-жемқорлыққа жол бермеу. Сол арқылы халыққа мінсіз қызмет ету, жұмыс сапасын жақсарту. Елімізде осы бағытта көптеген шаралар қолға алынуда. Оның мақсаты мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне "мүлдем төзбеушілік" ахуалын құру арқылы барлық қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа тарту және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады.