Шымкент қаласының Абай саябағында Өзбек этносының мәдениет күні салтанатты түрде аталып өтті. Айтулы іс-шараны Шымкент қалалық ҚХА қолдауымен Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктерінің «Дустлик» қауымдастығы ұйымдастырып отыр. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.
Бүгінгі мерекелік іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі М.Әзілханов, Өзбекстан Республикасы «Отандастар» қоғамдық қорының төрағасы О.Саттаров, Өзбекстан Республикасының қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы С.Үсенов, Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев және Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген мәртебелі меймандар қатысты.
Қазақ пен өзбек —тарихы тамырлас, достығы берік ұлт. Тәуелсіздіктен кейін Қазақстанда мекен еткен өзбек этносы болашағын, тағдырын осы елмен байланыстырады. Этнос күні аясында саялы саябақтың ішінде өзбек халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, мәдениетін суреттейтін ұлттық әшекей бұйымдарын, өрнекті ыдыс-аяқтарын, тұрмыста пайдаланылатын заттарынан, ұлттық нақыштағы киімдерінен көрме әзірленді.
—Шырайлы Шымкенттің әсем саябағында өтіп жатқан бүгінгі мерекелік басқосу өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ол үшін қала әкімдігі мен «Дустлик» қауымдастығына алғыс білдіремін. Бүгін бауырлас халықтың өнерпаздарының өнерін тамашаладық, қолөнер бұйымдарына тамсандық. Мұндай мереке этнос өкілдерінің ыстық ықыласы еліміздің бейбітшілігі мен татулығын әйгілейді, — деді жиында сөз алған ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Алмасұлы.
Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан мен Өзбекстанның бірлігі, халықтарының тату тұрмыс кешуі өте маңызды. Кез-келген қиындықта екі бауырлас мемлекеттің бірлесе шешім қабылдауы да тұрақтылық пен сауда-экономикалық байланысты нығайтады. Мерекелік жиында сөз сөйлеген Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев осылай деді.
—Өзбекстанның сыртқы саясатында Қазақстан маңызды рөл атқарады. 2022 жылдың 21-22 желтоқсан күндері ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ташкент қаласындағы жұмыс сапарында екі ел арасындағы сауда-сатық, экономика, төтенше жағдайға қатысты келісімге қол қойғаны тарихқа алтын әріптермен жазылып, мемлекеттеріміз арасында жаңа байланыс парағы ашылды, — деді елші.