Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Ә. Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің жастары арасында діни танымдығын арттыру бағытында сала мамандарының қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникация орталығы хабарлады.
Шараның мақсаты - жастарға діни ағымдардан сақтану туралы терең түсінік беру, ата-ананы құрметтеу мен жақсылық жасай білуге баулу.
Кездесуге Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Уалихан Самат Шоқанұлы қатысып, деструктивті діни ағымдардың алдын алу жолдары мен дін бағытындағы бірқатар ақпараттармен бөлісті. Сондай-ақ кереғар діни ағымдардан сақтану жөнінде сөз етіп, әлеуметтік желілердегі дінге қатысты ақпараттарды бөлісуге немесе жарияламауға шақырды.
Қазақстанда дін бөлек, мемлекет бөлек. Дегенмен, қазіргі кезеңде көбейіп кеткен. Діни ағымдар азаматтарымызды адастырып, қоғамдық тұтастыққа қауіп төндіруде. Көпұлтты мемлекетіміз көпдінді мемлекетке айналып, түрлі діни ағымдар мен секталар сайын далада жүгенсіз жүр. Осындай жоғарғы талаптар тұрғысынан алғанда жастарға діни тәлім – тәрбие беру мәселесі бүгінгі қоғам мен мемлекеттік деңгейде кеңінен қолдау тауып, әлеуметтік, мәдени маңызға ие болып, педагогика ғылымының өзекті бір мәселесіне айналып келеді. Қазіргі қазақ менталитетіне имандылық ұрығын сеуіп, көп қазақтың беті бұрылып жатқан кезінде жастарға ерте жастан, ең алдымен, мұсылманшылдықтың басты тұтқасы иман екендігін ұғындырудың маңызы өте зор.