Соңғы 6 жылда түрмедегі адамдар саны 57 мыңнан 35 мың адамға дейін азайды. Бұл жақсы көрсеткіш. Алайда сол бостандыққа шыққан адамдарды әлеуметтік оңалту мәселесі әлі өзекті күйінде қалуда. Елбасының 2016 жылғы 8 желтоқсандағы Жарлығымен «Ұлт жоспарының 33-қадамын іске асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың Кешенді стратегиясы» әзірленген болатын. Осы орайда Шымкенттегі 167/4 мекемесінде «Қақпа алдындағы кездесу» атты жиын өтті. Мұнда кезінде жаза басқан жандарды оңалту, қоғамға бейімдеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Мекеме мамандарының айтуларынша, жазасын өтеушілердің кемуі мемлекеттегі әлеуметтік-саяси ахуалдың оң өзгерістері мен қылмыстың төмендеуіне, азаматтардың заңды сақтауына байланысты. Жаза мерзімін өтеушілерге орта және кәсіптік білім беру - басты назарда дейді мамандар. Кешкі мектеп деңгейінде түрлі кәсіпке бейімделіп, арнайы куәлік және аттестаттар алады. Әлеуметтік көмектер ұсынылады. Жиынға қатысушылар сотталғандардың жаза мерзімін өтеп шыққаннан кейін де дағдылы жұмыспен қамту жайын қозғады. Мамандар еліміздің әрбір саналы азаматы мен мемлекеттік органдар тарапынан олардың жаңа өмірге бейімделуіне қолдау көрсету керектігін жеткізді.