Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтары саласындағы шараларды кеңейту туралы Жарлыққа қол қойып, адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралары туралы 2021 жылғы 9 маусымдағы Жарлыққа қосымша тармақ енгізді. Онда адам құқықтары мен заңның үстемдігі саласындағы одан әрі шаралар жоспарын бекіту туралы айтқан болатын.
Осы орайда Шымкент қаласындағы Абай ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Мирас колледжі жастары арасында «Заң алдында бәрі тең» тақырыбында кездесу өткізді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникация орталығы хабарлады.
Кездесуге Тұран ауданының полиция капитаны Берік Қанаев қатысып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында бірқатар заңдар жөнінде айтып берді.
- Қазіргі таңда жастар арасында жасалынып жатқан қылмыстарда аз емес. Темір тордың артында отырған өздеріңізбен қатарлас, тіпті жасы кіші жасөспірімдерде бар. Олардың баршасыда жасаған қателіктеріне өкінеді. Болашақтарыңыздың жарқын болуын қаласаңыздар, заңға қайшы келетін әрекеттерден бас тартыңыздар, - деді полиция капитаны Берік Қанаев.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы аумағында өтіп жатқан рейдтік іс-шараларға тоқталып, түнгі уақыттарда кәмелет жасына толмаған жастардың заңды өкілінсіз жүруінің қауіп-қатерін жеткізді. Жас ұрпақтың тәрбиесі мен тәртібіне қатысты осындай шаралар алдағы уақытта да тұрақты жалғасатын болады.