Шымкенттегі Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездесуде 89 жастағы ақсақал Өркен Әбдіреев қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің назарын «Фосфоршылар» сарайының бүгінгі ахуалына аударды. Тыл және еңбек ардагерінің ұсынысын ескерген қала басшысы нысанға арнайы барып, жағдайымен танысты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған нысан – әзірге жеке серіктестіктің мүлкі. Ал серіктестіктің үлесі Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің атына республикалық меншікке тіркелген.
Осыған дейін қала әкімдігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментімен серіктестіктің жарғылық капиталынан «Фосфоршылар» сарайын мүлік ретінде бөліп шығарып, коммуналдық меншікке беру туралы ұсынысын жолдаған.
Қазіргі таңда аталған мәселе бойынша құзырлы органдар тиісті жұмыстар жүргізуде.
Қала басшысы жауаптыларға осы бағыттағы кешенді шараларды заң шеңберінде жүргізіп, ғимаратты елдің игілігіне пайдалану бойынша нақты тапсырмалар берді.
Бір кездері қаладағы ең үлкен мәдениет нысандарының бірі болған «Фосфоршылар» сарайы тоқсаныншы жылдары сыра кәсіпорнының меншігіне өтіп кеткен. Соңғы жылдары ол кәсіпорынның қарыздарына байланысты мемлекеттің меншігіне өткен. Қазіргі уақытта нысанды Шымкент қалалық әкімдігінің балансына беру жұмыстары жүруде. Ғимарат ұзақ жылдар бойы қараусыз қалып, әбден тозған. Өркен Әбдіреев мәдениет сарайының мәселесін көптен бері көтеріп келеді.