Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы туралы бастама көтеріп, оның барлық азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталуы тиіс екенін атап өткен болатын. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.
Осы тұжырымдама аясында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесіп, аудан әкімі Досбол Есілбектің есебін тыңдады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ауданда 29 елдімекен, 283 көпқабатты үй бар. 228 830 халық тұрады. Өткен жылы аудан тұрғындары тарапынан 188 мәселе көтеріліп, оның 167-сі шешімін тапқан. Аудан жұртшылығы ауыз сумен 94,5 пайыз, электр жарығымен 98,3 пайыз, ал табиғи газбен 90,7 пайыз қамтылған.
Кездесуде қала әкімі: «Кезекті басқосуда сіздермен жүздесіп отырмыз. Мемлекет басшысының ұстанымы — бұқарамен тікелей байланыс орнату. Осы тұрғыда өздеріңізбен кездесіп, мақсатымыз мәселелеріңізді шешуге бағытталған. Яғни, халықтың қажеттілігін назардан тыс қалдырмаймыз. Сондықтан тұрғындардың мәселесімен танысуды шалғай өңірлерден бастаймыз», – деді.
Еңбекші ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішімен танысқан қала басшысы сұрақ-жауапқа кезек берді.
Тұрғындардың талап-тілегін мұқият тыңдаған қала әкімі жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеп, халықтың ұсыныстары мен өтініштері орындалуын тапсырды.