Тексерілген өнім сынақ нәтижесінде сапасыз болса, «Техникалық реттеу туралы» Заң аясында кемшілік жойылғанға дейін сатылымға шығаруға тыйым салынады және сөрелерден алынып тасталады. Бұл туралы Шымкенттегі Ақпараттық-коммуникациялық орталық алаңында өткен брифингте Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі мемлекеттік бас инспекторы Бастар Есқараев айтты.
ҚР «Техникалық реттеу туралы» заңының жаңа редакциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес Департамент биыл, егер жеке және заңды тұлғалардан өтініштер түсетін болса, төмен вольтті құрылғыларды, электроника және радиоэлектроника өнімдерін, автомобиль және авиация жанар-жағар майларын, жақпа майлар мен арнайы сұйықтықтарды, көмір мен оның қосымша өнімдерін, сондай-ақ құрылыс материалдарын сатып алып, олардың техникалық регламенттерге сәйкестігіне сынақ жүргізу үшін аккредиттелген зертханаларға жолдайтын болады.
Егер, аталған сынақ нәтижелері бойынша өнімдер сапасыз болса, олар сөрелерден алынып тасталып, соттың шешімімен иесінен алынып, жойылатын болады немесе қай елден келген болса, сол елге қайтарылатын болады. Ал, егер, заңбұзушылық тек маркировкаға, яғни таңбалауға қатысты ғана болса, онда кемшілік жойылғанға дейін сатылымға шығаруға тыйым салынады.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында сәйкестікті растау саласында аккредиттелген 2 сәйкестікті растау органы («Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ ОҚФ – тамақ өнімдері, құрылыс материалдары, ауылшаруашылық өнімдері, мұнай өнімдері, химиялық, парфюмериялық, гигиеналық өнімдер, халық тұтынатын тауарлар, зергерлік бұйымдар, «Туран Бизнес Групп» ЖШС – тамақ өнімдері, ауылшарушылық тамақ өнімдері, 81 сынақ зертханасы, 17 салыстырып тексеру зертханасы, 3 калибрлеу зертханасы, 4 медициналық зертхана жұмысын атқаруда.
Яғни, жалпы саны 107-ні құрайтын бұл мекемелер, барлығы мемлекеттік емес, аккредиттелген органдар тізіміне енеді және ҚР Ұлттық аккредиттеу орталығынан тиісті аттестат алған ұйымдар болып табылады.
Сәйкестікті растау бойынша аккредиттеу саласы бойынша заңды тұлғалардан және мемлекеттік органдардан келіп түскен өтініштер негізінде 6 бақылау субъектісіне жоспардан тыс тексеру жүргізілді.