Шымкентте метрология саласы бойынша тексерулер нәтижесінде 65 заңбұзушылық анықталды. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы, Мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі мемлекеттік бас инспекторы Бастар Есқараев айтты.
Метрология саласы бойынша құқық қорғау органдарының бастамасымен 12 тексеру жүргізілсе, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде 3 жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Аталған тексерулер нәтижесінде жалпы 65 заңбұзушылық анықталып, анықталған заңбұзушылықтар негізінде бақылау субъектілеріне 7 003 500 теңге көлемінде айыппұл салу туралы хаттама толтырылып, айыппұл толығымен бюджетке өтелді.
Сонымен қатар, Департаментпен ірі көлемде «SCAT» Әуекомпаниясы» АҚ«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 419 бабы 1 бөлігі, 2-тармағы талаптарын сақтамағаны үшін 1600 АЕК (5 520 000 тг) мөлшерінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Кодекстің дәл осы тармағымен 1600 АЕК (5 520 000 тг) мөлшерінде айыппұл салынып заңға сәйкес 50%-дық жеңілдікпен айыппұлдың жарты соммасын яғни 800 АЕК (2 760 000 тг) мөлшерінде айыппұл бюджетке өтелді.
Департаментке осы жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы 43 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 10 әкімшілік рәсімге тыңдалым өткізілді. Олардың барлығы Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексіне сәйкес қаралып, тиісті жауаптар берілді. Жыл басынан бері, департамент басшысы 45 жеке қабылдау өткізіп, қабылданған азаматтарға қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес түсіндірме берілді.