Оқушылар қауіпсіздігі - маңызды міндет

Шымкент қаласы әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар қызм етінде «Білім беру мекемелеріндегі оқушылардың қауіпсіздігі мен жауапкершілігі» тақырыбында сарапшылық талдау өтті.

Screenshot_1.jpg

Білім беру мекемелерінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және олардың саламаттығын қамтамасыз етуде атқарылып жатқан жұмыстарды талқылау мақсатында ұйымдастырылған жиынға Шымкент қаласының Полиция департаментінен, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен, төтенше жағдайлар департаменттерінен, білім, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және денсаулық сақтау басқармаларынан салаға жауапты басшылар және БАҚ өкілдері қатысты. 

Басқосуда айтылған мәліметтерге қарағанда, бүгінде Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік негіздегі 150-мектеп, 10-колледж, 71-балабақша бар. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы талаптарға сәйкес бейне бақылау жүйелері және «SOS» дабыл батырмалары толығымен орнатылған. Бейнебақылау жүйелері мен дабыл батырмалары Шымкент қаласының Полиция департаментінің «Жедел басқару орталығына» интеграцияланған.

Одан бөлек қаладағы барлық мектептерге өткізу жүйесі (турникет) 100% орнатылып, I-дәрежелі мамандандырылған күзетпен қамтамасыз ету үшін келісім-шарттар түзілген. 

Арнайы бекітілген полиция инспекторлары оқушылардың сабаққа  келіп кету қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күнделікті таңертеңгі, түскі және кешкі ауысым кезінде мектептердің алдында орналасқан жаяу жүргіншілер жолағында қызмет атқаруда. 2022-2023 оқу жылында мектеп ішінде және мектепке жататын аумақта оқушылармен және оқушыларға қатысты қылмыс орын алмаған.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарында оқушылармен кездесулер өткізіп, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың заңды жауапкершіліктерін және қоғамдық орындарда, саябақтарда, көшелерде және бөгде адамдармен қарым-қатынас кезінде өзін қалай ұстау керектігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болатын және бақылаусыз көшеде жүретін балаларды анықтау бойынша  профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. 

Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 2023-2024 жылдың оқу жылы қарсаңында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 150 мемлекеттік,  25 жекеменшік жалпы орта білім беру мекемелерінің алдындағы сызылған жаяу жүргіншілер өтпелерінің жол таңбалары толығымен жаңартылды. 

Төтенше жағдайлар департаментінің есебінде қаладағы 941 білім беру мекемесі тіркелген. Бұл мекемелерде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша жүргізілген бақылау мен қадағалау және субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау  Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүргізілуде. Жыл сайын ТЖ департаментінде білім беру жүйесінің 100-ден аса қызметкері арнайы оқудан өтеді. Сондай-ақ, білім басқармасымен бірлесіп қаланың әр мектебінде «Жас құтқарушылар», Оқушылар сарайында «Қауіпсіздік әліппесі» үйірмелері құрылған. 

2022 жылдан қазіргі уақытқа дейін білім беру объектілерінде өрт орын алмаған.

Мектептердің медициналық пункттері шұғыл көмек көрсету үшін төсемдермен, дәрілік препараттармен жарақтандырылған. Дезинфекциялық ерітінділер жеткілікті мөлшерде бар. Барлық мектептердің медпункттері компьютерлермен жабдықталған және медициналық ақпараттық жүйелермен біріктірілген.

Медициналық пункттердегі оқушыларға медициналық көмекті кеңейтілген немесе жалпы практикадағы орта медицина қызметкерлері, учаскелік медбике, сондай-ақ «Мектеп медицинасындағы мейірбике ісі» мамандығы бойынша оқыған медбикелер көрсетеді. Оқушылардың өміріне қауіп төнген кезде медициналық көмек ата-аналарының (заңды өкілдерінің) келісімінсіз көрсетіледі, кейіннен оларға көрсетілген медициналық көмек туралы міндетті түрде хабарланады.

Атап өтілгендей, медициналық пунктте мектеп дәрігерінің үнемі болуы талап етілмейді, тек оқушыларды кәсіби тексеру кезінде және түсіндіру жұмыстары кезінде болады. Бұл ретте оқушылардың ауруы бойынша жоспарлы диспансерлеуді, емдеуді және оңалтуды олар тіркелген ұйымның жалпы практика дәрігерлері, учаскелік педиатрлар, бейінді мамандары, фельдшерлері мен медбикелері жүзеге асырады.

Биыл қалада 134 228 оқушыны ыстық тамақпен қамту қарастырылған болса, оның 80 мыңнан астамы -1-4 сынып оқушылары, 53 893 оқушы - атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларының балалары. 2022 жылы қала мектептерінде бастауыш мектеп оқушыларына түгел ыстық тамақ берілген болатын. Бұл мақсатқа 12,8 млн.теңге жұмсалған. Қала аумағында осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуін бақылау мақсатында құқық қорғау органдары, білім саласы, ата-аналар комитеті өкілдерінен арнайы жұмыс тобы құрылған.

Мемлекет басшысының қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде Шымкентте 2025 жылға дейін 18 мектеп салу жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 12-нің құрылысы басталды. 

Қала көлемінде биыл 18 500 орынға арналған 18 мектеп пайдалануға тапсырылады. Осының нәтижесінде биыл үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді. Жаңа оқу жылында 600 орындық жаңа білім ғимараттары пайдалануға берілді.  ҰБТ қорытындысы бойынша түлектердің 85 пайызы мемлекеттік грантқа ие болды. 

Жаңа оқу жылында қалада 28 мыңнан астам бала 1-сынып табылдырығын аттады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Жеті жарғы» Мәртөебедегі мәслихатта қабылданды
  • «Мамыр өте Мәртөбеге кел!»
  • Шымкент инвесторлар үшін тартымды қала
  • Үшінші мегаполисте тауар қоры жеткілікті
  • Шымкентте заманауи өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер