Шымкенттегі ОҚМПУ ұжымы және студент жастары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауын түсіндіру-насихаттау бойынша іс-шара ұйымдастырды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникация орталығы хабарлады.
Алқалы жиынға модераторлық жасаған ОҚМПУ Тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің директоры Анарбаев Қ.С. «Жаңа бағдарлы жолдау» тақырыбында арнайы баяндама жасады. Іс-шараға Шымкент қалалық Ішкі саясат және Жастар істері жөніндегі басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы - Исахов Мағжан Шыңғысұлы қатысты.
Жастар жетекшісі бүгінгі күнгі жастардың арасында жиі кездесетін өзекті мәселелер мен оларды шешудің жолдары туралы өз ойларымен бөлісті. Қосалқы баяндама жасаған саясаттанушы ғалым А.Қылышбаев еліміздегі соңғы 3 жылдағы саяси реформалардың жолдаумен сабақтас тұстарына тоқталды.
Жарыс сөзге шыққан белсенді студенттер өз пікірлерімен бөлісе отырып, замандастарын жолдауды терең оқып танысуға және қолдауға шақырды.
Айта кетері, жуырда Президент халыққа арнаған Жолдауында:
-Аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс. Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады. Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді. Жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай, ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайды. Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі,-деп атап өткен болатын.