Шымкент қаласындағы «Түркістан» салтанат сарайында Ұстаздар күні мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Оған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.
— Баршаңызды кәсіби мереке - Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен елімізде 2019 жылдан бастап алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы» Заңы қабылданып, ұстаздар қауымының қоғамдағы абырой-беделі артып, әлеуметтік тұрғыда қорғала түсті.
Шымқаламыздағы білім беру жүйесі - 30 мыңға жуық ұстазымыз еңбек ететін үлкен сала. Қаламыздағы 930 білім беру ұйымында 440 мыңға жуық тәрбиеленушілер, оқушылар мен студенттер білім алуда.
Яғни, қаламыздағы әрбір үшінші адамның білім жүйесіне қатысы бар деген сөз. Сондықтан мұғалімдердің қала экономикасындағы орны да ерекше әрі маңызды. Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңізді ескере отырып, Сіздердің өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толымды табыс тілеймін, — деді Ғабит Әбдімәжитұлы.
Жиында білім беру саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен ардагер-ұстаз Сайлаукүл Барахова мұғалімдерді төл мерекесімен құттықтады.
Айта кетейік, мерекеге орай ұстаздық жолында жетістікке жеткен бірқатар мұғалімдер алғыс хатпен марапатталды.
Салтанатты жиынның соңы мұғалімдердің құрметіне арналған концерттік бағдарламаға ұласып, оқушылар өнерімен тәнті етті.