Шымкентте биыл 17 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды

17.jpg 

Естеріңізде болса, былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты жұмыспен қамтуға қатысты тапсырмалар жүктеген болатын.

-Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты. Сондықтан үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауға тиіс,-деген болатын Мемлекет басшысы. Осы мақсатта Шымкентте біршама жұмыстар атқарылуда.

Шымкентте «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында 17 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 9156 адам тұрақты жұмыс орнына орналастырылған болса, 8 мыңға жуығы субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған.

Бұл туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында басқарманың 2023 жылдың 9 айында атқарылған жұмысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері 22 870 жаңа жұмыс орны құрылған. Оның ішінде 21 815 орын кәсіпкерлік жеке бастамамен және 1055-і ұлттық жобалар аясында ашылған.

Қазіргі таңда 2431 жұмыссыз азамат тегін 3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтуде. Оқу сәтті аяқталған соң оларға сертификат табысталып, әлеуметтік келісім-шарт негізінде кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орындарына орналастырылатын болады. Сондай-ақ жыл басынан бері арнайы онлайн платформасында 2 жарым мыңнан астам адам кәсіптік білім алған.

Жалпы, Шымкентте биыл 57 181 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, 9 айда 56 379 адам қатысқан. Жылдық жоспар 99 пайызға орындалып отыр.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Жеті жарғы» Мәртөебедегі мәслихатта қабылданды
  • «Мамыр өте Мәртөбеге кел!»
  • Шымкент инвесторлар үшін тартымды қала
  • Үшінші мегаполисте тауар қоры жеткілікті
  • Шымкентте заманауи өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер