«Шым», яғни жасыл мағынасын беретін Шымкенттің көшелері атына сай көгалданып келеді. Жыл сайын жасыл желекке оранып отырған қаладағы саябақ пен көпқабатты тұрғын үйдің басым бөлігі Әл-Фараби ауданында орналасқан. Шаһардың тазалығына жауапты мамандар аталған ауданның абаттандыру жұмысына биыл ерекше қарқынмен кірісті. Мұнда көріктендіру және санитарлық тазалық жұмыстары аясында 2018 жылдың алғашқы 6 айында көп қабатты үйлердің аулалары, ішкі орам жолдары тазаланып, 5 586 текше метр қоқыс шығарылған. Көктемде елдімекендерді абаттандыру және көріктендіру жұмыстарына сәйкес 383 қураған ағаш кесілген. «1 767 ағаш санитарлық әдіспен қырқылса, 16 220 түп ағаш әктелді және 17 701 ш.м. жердің қураған шөбі орылды. Аудандағы барлық көпқабатты тұрғын үй 400 аулаға біріктірілген. Жұмыстың басым бөлігін ТҮКШ бөлімі мен тиісті мердігер мекемелер орындайды. Бұған қоса тұрғындардың өтінішіне байланысты тазалық, санитарлық жұмыстары атқарылады. Біз тұрғындарға жасыл-желекті күтіп-ұстауға байланысты түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырамыз, – дейді аудандық әкімдіктің инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы Бақыт Мелдебеков.