Шымкентте кітапхана жанынан үй жағдайына бейімделген коворкинг орталығы ашылды. Жастарға рухани азық беретін ғимараттың ашылу салтанатына қалаға іс-сапармен келген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен қала әкмі Ғабидолла Әбдірахымов арнайы қатысты. Мұнда балалар алаңсыз кітап оқып, рухани нәрге сусындай алады. Тіпті, олардың жеңіл ас-тағаммен жүрек жалғауына да жағдай жасалған. Жаңа орталық Отырар ғылыми әмбебап кітапханасы жанынан ашылған. Орталықта көркем әдебиет оқығаннан бөлек, түрлі үйірмелерге қатысуға болады. Аталған орталық жаңа технологиямен және жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықталған. Келушілер арнайы конференц-залда түрлі тақырыптарда семинарлар, дәрістер және тренингтер өткізе алады. Одан бөлек, жаңа орталықта демалыс аймағы, кино залы, кофехана, кітап дүкені және еркін пікірталас аймағы бар. Осылайша дәстүрлі кітапханадан жаңа заман талаптарына сай нағыз білім орталығы ретінде қайта жаңғырған нысан қазірдің өзінде жергілікті жастардың жиі бас қосатын жеріне айналып үлгерді. Бізде 19 мың оқырманымыз бар. 390 мың кітап қорымыз бар. Енді кітаптардың электронды нұсқаларын көбейтуге күш саламыз»,- дейді Отырар өңірлік ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Күлия Айдарбекова.