Шымкетте биылдың 9 айында 350-ге жуық заңсыз құрылыс нысаны анықталды. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Жүнісбеков Нұрбол Әбдірахманұлының қатысуымен 2023 жылғы 9 айда басқарма тарапынан атқарған жұмыстары төңірегінде өткен баспасөз брифингте мәлім болды.
«Заңсыз және заң талабын бұзып салған құрылыстар бойынша мониторинг нәтижесінде қала аумағында жүргізіліп жатқан заңсыз құрылыс нысандарын анықтау мақсатында өзім басқарып отырған басқармада мамандарымен тұрақты түрде мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде 2023 жылдың 9 айында 350-ге жуық заңсыз құрылыс нысаны анықталды», - деді басқарма басшысы.
Спикердің сөзінше, анықталған заңсыздықтарға тиісті шара қолдану үшін, Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына хат жолданған. Жолданған хаттардың негізінде құзырлы мекеме тарапынан тиісті шешім қабылданып, 177 құрылыс нысаны бойынша Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 802 бабына сәйкес, 87 837 675 тг. айыппұл салынған.
Заңсыз деп танылған құрылыс нысандарының басым көпшілігі коммерциялық, қосымша құрылыстар және т.б. нысандар. Бұл нысандардың заңсыз құрылыс деп танылуының ең басты себебі – құрылыс нысанына сәулет-жоспарлау тапсырмасын әзірлемеу және нобайына (эскиз) келісім алмауы.
Қазіргі таңда қаладағы заңсыз құрылыстармен күресу жолдарын оңтайландыру мақсатында, мониторинг жүргізу нәтижесінде анықталған нысандар геоақпараттық порталда кезекші картаға енгізілуде.