«Күміс қалам 2023». Шымкентте республикалық жас ақындар мүшайрасы өтті. Оған еліміздің түпкір-түпкірінен қаламы ұшқыр 16 жас жазба ақыны қатысты. Шара Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 25-қазан – Республика күніне орай орайластырылды. Үшінші рет ұйымдастырылып отырған поэзиялық кеш - жастардың ынтасын арттырып, ақындардың шабытын ашуға зор мүмкіндік береді.
Кешті ашып беруге Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов арнайы келіп, барша қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтап, үлкен додада бақ сынасқалы келген жас қаламгерлерге сәттілік тіледі.
Осымен үшінші рет өткізіліп отырған жас ақындар мүшайрасы - Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының төл жобасы. Мақсат жас жазба ақындарын қолдап, оларды халықаралық жыр додаларына қосу дейді ұйымдастырушылар.
Бекітілген кестеге сәйкес 14 пен 35 жасқа дейінгі жастар қатарынан іріктеу кезеңіне 16 жас ақын жолдама алған. Олар 4 кезең бойынша бақ сынады.
I орын “Күміс қалам-2023” жас ақындар мүшәйрасының иегері Ұлытау облысынан Айзада Рахымжан, II орынды Жадыра Байбуланова, III орынды Серғазы Қайырболды иеленді.
Іс шараның екінші бөлімі «Күміс домбыра» жас айтыскерлер додасы. Жыр додасына еліміздің әр өңірінен жиналған 16 айтыскер ақын қатысты. Тәуелсіздікті тірек еткен жыр додасына белгілі айтыскер ақындар мен мәдениет саласының мамандары әділ бағасын беріп, қазылық етуде. Атап өтсек, айтыстың ақтаңгері атанған Бекарыс Шойбеков, Маржан Есжанова, Күлия Айдарбекова, Ахметжан Өзбеков, Еркебұлан Қайназаров сынды азаматтар қазылар алқасы құрамында болды.
Айтыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов марапаттап, ұлттық өнерімізді ұлықтап, тамаша айтыс көрсеткен өнерпаздарға алғысын білдірді.
Сонымен, әділқазылар алқасының шешімімен жүлделі ІІІ орынды Ердаулет Ыбырай мен Нұрдаулет Өмірбекке, ІІ орын Жамбыл облысының өкілі Мұхтар Қонарбай мен түркістандық ақын Ахметрасул Баянбайға, ал, І орын Баянауылдан келген Мәрес Байронға берілді. «Күміс қалам» айтысының бас жүлдесін Шымкент қаласының өкілі Аян Ниязбек жеңіп алды.