Сайрам Ұлы жбек жолы бойындағы ірі сауда орталықтарының бірі болды. «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабында жазылғандай, қаланың Солтүстік қақпа арқылы шығатын керуен жолы Сырдария бойында отырған Отырар, Сауран, Дженд пен Янгикент қалаларын аралап өтетін. Қала өз заманына қарай жақсы бекініс салған. XV-XVI ғасырлардың тарихшысы, «Мехман наме-и Бухара» шығармасының авторы Рузбихан Исфахани былай жазды: «Қаланың негізгі бөлігін қоршаған дуалдардың биіктігі сонша, иемденіп алмақшының қолы оның қабырғасына тез жете қоймас».
Қала және оның аймағын жергілікті түркі тайпалары биледі. Исфиджаб аймағы өте үлкен болды. Оның шекарасы солтүстік-батыста Сауранға дейін, ал шығыста Талас аймағына дейін созылды. Исфиджаб аймағына саманилер арқылы мұсылман діні тарады да, енді ол оңтүстіктегі ірі сауда және мәдениет орталығы ғана емес, сонымен қатар үлкен діни орталыққа айнала бастады. Х ғасырдың ақырында, яғни 990 жылы Исфиджаб Қарахан мемлекетінің қарамағына енді. Қарахан әскері болса, саманилерді Исфиджаб аймағынан түгелдей ығыстырды. Сайрам тек сауда жолдарын ғана емес, сонымен бірге ортаазиялық иеліктерге және Қазақ даласына қарай оңтүстікке өтетін өткелдерді де бақылауға ұстаған маңызды стратегиялық орталық болды. Сондықтан болар, деректер көрсетіп отырғанындай, Сайрамды жеке иелену үшін қазақ пен өзбек феодалдары өзара үздіксіз арпалысып келген. Сайрам халқының этникалық құрамы әр түрлі болатын. Қалалықтар құрамында иранша да, түрікше де сөйлей алатын ежелгі қалалық тұрғындар әулеті де, сондай-ақ қалада тұрақты отырықшылана бастаған көшпенділер де бар еді. Орта ғасырдың аяқ шеніндегі қалалар, сол бұрынғысынша, саяси экономикалық және мәдени орталықтар болып қалды әрі Қазақ хандығы өмірінде маңызды роль атқарды.