1990 жылдың 25 қазанында Жоғарғы кеңес Қазақстанның Мемлекеттік егемендік туралы Декларациясын қабылдады. Осы Декларацияның аясында Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері орнады. Осы Декларация негізінде еліміздің еркіндік жолындағы аса маңызды жүйеленген саяси-құқықтық қадамы жасалды. 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған Тәуелсіздігіміздің бастауында дәл осы Егемендік туралы декларация тұрғаны анық. 25 қазан еліміздің азаттыққа ұмтылыс жолында тағдыршешті нәтижеге алып келген күн болды. Сондықтан еліміздің Тәуелсіздігі осы күннен бастау алатынына күмән жоқ.
Республика күні биыл Шымкентте кең көлемде тойлануда. Мәселен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жайдарман» лигасының 1\4 ширек финал ойыны өтті.
-Аталған жобаның мақсаты – жастардың интеллектуалды ойлау қабілетін арттыру, жастарды ұлтжандылық пен шығармашылыққа тәрбиелеу, жастар арасында мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, елімізде белсенділігі күшейген жобада жастарға қолдау көрсету.
«Жайдарман» ойындарына қаламыздағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жастары қатысып, 8 қазан күні «Жайдарман» ойынының маусымашар кезеңінде өнер көрсеткен болатын. Оған іріктеуден өткен 18 команда өтіп, ережеге сәйкес, 14 команда «Жайдарман» лигасының 1\4 ширек финалына жолдама алған болатын. Әділ қазылар қатарында Нысана театрының актері, ардагер жайдарманшы Абай Аязбаев, әнші Әділет Жауғашар, Шымкент қаласы жастар ресурстық орталығы басшысы Мағжан Исахов, 2017 жылғы жайдарман ойынының жоғары лига чемпионы Нұрсұлтан Усенов және 2018 жылғы жайдарман ойынының жоғары лига чемпионы Ұлан Мықтыбек төрелік етті,-деп хабарлады Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникация орталығы.
«Жайдарман» лигасының 1\4 ширек финал ойынында әділ қазылардың шешімімен жартылай финалға 8 команда жолдама алды.