Шымкентте жылу беру басталады. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығының алаңында Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Мақсат Ердембековтің қатысуымен өткен баспасөз конференцияда мәлім болды.
Баспасөз алаңында спикер басқарма тарапынан 2023 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар бойынша және жылыту маусымына дайындық барысы туралы айтып берді.
«Қалада жылу 20 қазаннан бастап беріледі. Кестеге сәйкес жылу беру қазан айының 25-не қосылу керек болған. Тұрғындардан түскен өтінішке және ауа-райының қолайсыздығы, күннің салқындауына байланысты жылу ертеңнен бастап беріледі. Шымкент қаласы аумағы бойынша 838,6 км жылу құбырлары бар. Қазіргі уақытта 23 қазандық және 17 сорғы станциясы қысқа дайын», - деді басқарма басшысы.
Конферецияда Мақсат Ердембеков басқарма тарапынан атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті.
«Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде табиғи газбен қамту көрсеткіші 94%-ға, ауыз сумен қамтамасыз ету 98,5%-ға, кәрізбен қамту 60%-ға, қала көшелерін жарықтандыру көрсеткіші 69%-ға жетті. Жыл соңына дейін ауыз сумен қамту көрсеткішін 100 пайызға орындау жоспарда бар», - деді басқарма басшысы.
Айта кетері, бұған дейін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жылу жүйелерін мерзімінен бұрын іске қосуды тапсырған болатын. Ауа температурасының төмендеп, күннің салқындауына байланысты тұрғындар тарапынан көптеген өтініш келіп түскен. Осыны ескерген қала әкімі жауапты орынбасарлары мен басқарма басшыларына жылу жүйелерін мерзімінен бұрын іске қосуды тапсырды. Қала басшысының қаулысымен енді көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға қазанның 20-сынан бастап жылу беріле бастайды.
Қазіргі таңда қаламыздағы 23 бөлек орналасқан жылу қазандықтары мен орталықтандырылған жылу жүйесіндегі 17 сорғы станциялары жылу беру маусымына дайын.