Шымкентте Республика күніне орай жас полицейлер ант қабылдады. Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Республика күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара полиция департаменті ғимаратының плацында басталды. Мұнда жас қызметкерлердің ант қабылдау рәсімі өтті. Ішкі істер органдарының қатарына қабылданған 16 полицей қызметтік міндеттерін адал атқаруға ант берді. Департамент бастығы полиция генерал-майоры Думан Таев тәртіп сақшыларын ұлттық мерекемен құттықтап, ҚР Конституциясы мен заңнамасын қатаң сақтауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрес, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша адал қызмет ету қажеттілігін атап өтті.
Мерекелік іс-шара жеке құрам жиналған департаменттің акт залында жалғасты. Жұмыс барысында жауапты міндетті арқалап, қоғам тыныштығын күзетуде ерең еңбек еткен қызметкерлерге арнайы наградалар табысталды. Атап айтқанда, ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен 13 полицей медаль, төсбелгі және грамоталармен марапатталса, 5 қызметкерге арнаулы атақтар берілді.
Бұл күні ішкі істер органдарының ардагерлері де назардан тыс қалған жоқ. Оларға Шымкент қаласы ПД бастығының алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алуда қырағылық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде жоғары нәтижелерге қол жеткізген 80 полицей марапатталды.
Іс-шара концерттік бағдарламамен аяқталды.