1990 жылдың 25 қазанында Жоғарғы кеңес Қазақстанның Мемлекеттік егемендік туралы Декларациясын қабылдады. Осы Декларацияның аясында Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері орнады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл құжат Қазақстанның нағыз тәуелсіздігіне апаратын құқықтық бастама болды. Қазақстанның толық мемлекеттік тәуелсіздігін ресімдеудің жаршысы болған бұл құжат Кеңестік империяның ыдырау кезеңінің алдында жарияланды. Дегенмен оның оңайлықпен қабылданбағанын да айта кеткен жөн. КСРО Жоғарғы Кеңесі басшылығы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылдануын үнемі тежеп отырғаны белгілі. Сондықтан Қазақстанның тағдырын шешкен осы саяси-құқықтық құжатты әзірлеу әрі қабылдау азаматтық батылдықтың көрінісі болды.
Осы Декларация негізінде еліміздің еркіндік жолындағы аса маңызды жүйеленген саяси-құқықтық қадамы жасалды. 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған Тәуелсіздігіміздің бастауында дәл осы Егемендік туралы декларация тұрғаны анық. 25 қазан еліміздің азаттыққа ұмтылыс жолында тағдыршешті нәтижеге алып келген күн болды. Сондықтан еліміздің Тәуелсіздігі осы күннен бастау алатынына күмән жоқ.
Бүгін еліміз бойынша ұлттық мереке — Республика күні мемлекеттік Туымыз көкке көтерілді.
Осыған орай Шымкентте Тәуелсіздік алаңында ұлттық байрағымыз көкке көтеріліп, Әнұран шырқалды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Салтанатты рәсімге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, халық қалаулылары, құқық қорғау орган басшылары, сот, қоғам белсенділері, жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Тарихи датаның маңыздылығын айтқан шаһар басшысы жиналған қауымды айтулы күнмен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
Мерекені айшықтай түсу мақсатында салтанатты шарада жастар қала тұрғындары мен қонақтарына жалаушалар таратып, құттықтау челлендждерін ұйымдастырды.