Шымкент қаласындағы Абай саябағында тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіштің жанында еске алу шарасы өтті. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.
Еске алу шарасы бір минут үнсіздіктен басталды. Мұнан кейін тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығыстың ардагерлері ерлікпен қаза тапқан майдандастарының рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Іс-шараға Түркия және Әжірбайжаннан келген соғыс ардагерлері қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері де қатысты.
–Бүгінде әлемде орын алып жатқан геосаяси жағдайлар түріктілдес мемлекеттердің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығының қаншалықты маңызды екенін көрсетіп отыр. Осы орайда жақында Алматы қаласында түріктілдес мемлекеттері соғыс ардагерлері қоғамдық бірлестіктерінің форумы өтті.
Онда соғыс ардегерлері қоғамдық бірлестіктерінің «Тұран» одағы құрылды. Мақсат – туысқан түрік халықтарының бірлігін паш етіп, жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру және жас сарбаздардың рухын көтеру ісінде өзара ынтымақсаттық орнату. Бүгінгі іс-шарамызға сол форумға келген қонақтарды да шақырып отырмыз, – деді «Тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығыс ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Мұхамеджанов.
Айта кетейік, 1993-2001 жылдардағы тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығысқа 8,5 мың қазақстандық сарбаз қатысып, өздерінің интернационалдық және жауынгерлік борыштарын адал атқарып шыққан.