Шымкент университетінде полиция қызметкерлері тәлімгерлік сағатын өткізді. Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында, сондай-ақ білім беру мекемелерінде нашақорлықтың алдын алуға арналған 2023 жылғы бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес, Шымкент универститетінде тәлімгерлік сағаты өтті.
Жиынға, Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков арнайы барып, қатысып қайтты.
Полиция қызметкерлері, отыздан астам жас буын өкілдеріне құқыққа қайшы мінез-құлықтардың салдары туралы түсіндіріп, есірткі қолданудың зияны мен оны саудалауға қатысқаны үшін заңда белгіленген жауапкершілік туралы ескертті.
Сонымен қатар, жаңа психоактивті заттардың таралуы, синтетикалық есірткілердің зияны жөнінде толыққанды мәлімет беріп, одан аулақ болуға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Айта кетері, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда:
- «Бұл – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр», - деген болатын.