Сайрам бұрыннан киелі орын деп есептелген. Махмұд Қашқари көрсеткендей: «Сайрам – Испиджаб деп айтылатын ақ қала атауы (ал-Мединат ал-Байда). Ал Сарьям оның өзгертілген нұсқасы». Бұл жердегі ақ түс дегеніміз түсіне байланысты айтылмаған. Ал-Мединат ал-Байданы сөзбе-сөз – Ақ қала / қасиетті қала, киелі қала деп түсінуге болады.
old.archaeology.kz порталының жазуынша, Сайрамда культтік сәулет ескерткіштерінің едәуір мөлшері шоғырланған. Олар шартты түрде төмендегідей топтарға бөлінеді:
– ислам дінін таратушылардың есімімен байланысты ескерткіштер (Әбділ Әзіз баб, Мірәлі баб, Падшах Мәлік баб);
– Қожа Ахмед Ясауи есімімен байланысты ескерткіштер (Ибраһим ата, Қарашаш ана, Махмұдхан ата, Мұстафақұлы ата/Сузик ата және т.б.);
– Інжіл мен Құранда кездесетін пайғамбарлардың есімімен аталатын ескерткіштер;
– Сайрам тарихында өз ізін қалдырған (ғалымдар мен тарихшылар, ақындар мен дін мамандары) тарихи және аңызға айналған тұлғалардың, қайраткерлердің жерлеу орындары, сондай-ақ киелі маңыздылыққа бөлінген, қасиетті деп табылған орындар (Қази Байзаби, Қожа Хамид ата Байзаби, Куйбиддин-вали Гулама, Хасан Байзаби, Жүсіп Сайрами, Ахмет әл-Испиджаби және т.б.).
В.В. Бартольд, П.П. Иванов, М.Е. Массон жинаған сауалнама мәліметтерінің негізінде Сайрамның кейбір әулиелері Інжілге, онда да барлық анықтамалары – шығу тегі христиандық Мәриям бибі мазарына қатысты екенін көрсетеді. Ыдырыс, Иош, Қызыр, Салих – бұл есімдер толығымен белгілі бір семантикалық қатарда тізбектеледі. Мұнда аңызға айналған Қызырдың анасы Бибигияс ана есімі де кездеседі.